Қарағандыда заң ғылымының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Салық Зимановтың есімі ұлықталды. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінде ғалымның аты берілген арнайы кабинет ашылып, «Салық Зиманов - тұлға, ғалым, мемлекет қайраткері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, құқық саласының мамандары, ғалымдар, профессор-оқытушылар мен студенттер қатысты. Университет ректоры, академик Нұрлан Дулатбековтің айтуынша, Салық Зимановтың заң ғылымына қосқан үлесі орасан. Ол - қазақ заң ғылымының алғашқы докторы, заңгерлер арасынан шыққан тұңғыш академик. С. Зиманов қазақ заң ғылымының дамуына ғана емес, Е.А. Бөкетов университетіндегі заң факультетінің қалыптасуы мен өсуіне де зор үлес қосқан.
Іс-шара барысында Салық Зимановтың ұлы Мұхтар Зиманов та сөз алып, әкесінің адами болмысы мен ғылымға адалдығы жайында естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, әкесі ешқашан ғылымнан алшақ кеткен емес, ұлт мүддесін бәрінен биік қойған қайраткер болды.
Дөңгелек үстелде ғалымның ғылыми еңбектері мен құқықтық реформаларға қосқан үлесі кеңінен талқыланды. Қатысушылар Салық Зимановтың еңбектері бүгінгі жас заңгерлерге бағыт-бағдар беретін маңызды рухани мұра екенін атап өтті.
Бұл іс-шара - тек бір тұлғаны ұлықтау ғана емес, сонымен қатар, ұлттық заң ғылымының даму жолына құрмет көрсету, құқықтық сана мен тарихи жадыны ұрпақ санасына сіңірудің жарқын көрінісі болды.
Автор: Жан Тілеуқұлұлы