Life09 ақпарат агенттігінің тілшісі қазіргі бала денсаулығына қатысты және вирус пен суық тиюдің алдын алу үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігі жайында маманның пікірін білді.
Қазіргі уақытта балалар вирустық ауруларды жиі жұқтыруда. Бұл ауруханаларда науқастардың көбеюіне әкеліп соғуда.
«Вирустық аурулар жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайды. Ауру жұқпалы болғандықтан дереу оқшаулап, қажетті ем-шараларын жүргізіңіз. Науқас баланың көбірек тыныққаны, сұйықтықты үзбей ішкені дұрыс. Баланы күн ұзақ төсекке таңып қоймаңыз. Шамалы ыстықтау суға шомылдырыңыз, таза ауада серуендетіңіз, дәруменге бай тағамдарды жегізіңіз. Ал, тәттіні уақытша шектегеніңіз жөн. Оның орнына көбірек сұйықтық ішіп, пияз бен сарымсақ жеуге кеңес береміз, үйде және сыртта маска кию өте маңызды. Егер сіз алақаныңызға түшкірсеңіз, оны дереу жуыңыз. Мұрынды, ауыздың, көздің шырышты қабығын лас қолмен ұстамау керек екенін есте ұстаған жөн. Қарапайым жөтел этикеті және қарапайым алдын алу ережелері жұқпалы аурулардың таралуын болдырмайды», - дейді дәрігер инфекционист Айжан Жарасқызы.
Айжан Жарасқызы: Егер баланың иммундық жүйесі мықты болса, кез келген ауруға қарсы күресе алады.
«Жоғарыда айтып өткенімдей, иммунитет көптеген дертке тосқауыл бола алады. Оған қоса, балаға барлық сақтық шараларын түсіндіру керек. Сабаққа баратын кезде жақсылап тамақтандырыңыз. Қоғамдық көлікте, көшеде, асханада, дүкенде бетпердені шешпеуін ескертіңіз. Қай кезде де қолын сабындап жууды ұмытпасын. Сақтық шараларын жасаған бала кез келген сырқаттан сақтанатыны анық», - дейді дәрігер инфекционист Айжан Иманова.
Автор: Ақсая Жалғас