Алматы облысында тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, үш қабатты үй өртеніп кетті. Салдарынан үй иесі мен қызының денесін күйік шалған. Тағы төрт адам газбен уланып, ауруханға жеткізілді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Тілсіз жаудың кесірінен 50 адам баспанасыз қалды. Тұрғындар “егер үйге орталық жылу жүйесі дер кезінде жүргізілгенде, бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді” деп отыр.
Төтенше жағдай Қарабұлақ ауылында болған. Камила Разақованың екі бөлмелі пәтері толықтай өртеніп кетті. Ол аман қалған заттарын жинап, құжаттарын іздеп, өтемақы алудың жағдайын жасап жүр.
“Сол күні асүйде болып, үй жинап жатқанмын. Бір қатты жарылыс болды. Шкафымыз құлап түсті. Алдымен сол жаққа жүгірдім. Жер сілкініп жатыр деп ойладым. Еденге жата кеттім, сосын тұрып, осында шықтым. Бәрі құлай бастады: шкафтар, комод. Ол жақта есік қыстырылып қалды. Біздің кіреберіс есігіміз ашылмай қалды. Тұтқасынан ұстап аша алмадым. Артқы шығаберіс бар еді. Сол арқылы жүгіріп шықтым. Ал ана жақтың бәрі жанып жатты”, – дейді сол бір қорқынышты сәтті еске алған Камила Разықова.
Өрт кешкі уақытта бірінші қабаттағы көршілердің пәтерінен шыққан. Құтқарушылар жеткен кезде жеті пәтер толықтай өртеніп жатты. Кей тұрғындарды шатыр арқылы эвакуациялауға тура келді.
Кеше ғана бұл жерде пәтерге жапсарлас салынған қосымша құрылыс болған. Дәл сол жерде жарылыс орын алған. Жарылыстың соққы толқыны терезелер мен есіктерді жұлып түсіріп, қабырғалар әп-сәтте опырылып құлаған. От бірден бөлмелерге тарап кеткен. Ішіндегі жиһаз түгелдей жанып кетті..
Пәтер иесі мен оның 16 жастағы қызы ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілді. Жоғарғы қабаттағы көршілер де зардап шекті: төрт адам көміртек тотығын жұтып уланып қалған. Олардың арасында жүкті әйел де бар.
“Науқас – 1979 жылғы ер адам. Диагнозы – баротравма, термоингаляциялық жарақат, мойын, бет, екі қол және дене терісінің II–III дәрежелі термиялық күйік шалуы. Жалпы күйік аумағы – 35%. Екінші науқас – 2009 жылы туған қыз. Оның да диагнозы: термоингаляциялық жарақат, баротравма, бет, мойын, екі қол, екі аяқ және дене терісінің II–III дәрежелі
термиялық күйігі. Жалпы күйік аумағы – 78%. Қыздың жағдайы өте ауыр”, – деді Талғар орталық аудандық ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Талғат Малаев.
Өрттің нақты себебі әзірге аталған жоқ. Алайда жергілікті тұрғындар бәрі газ баллонының жарылуынан болды деп отыр. Мұндай баллондар әр пәтерде бар. Тұрғындар бірнеше жылдан бері үйлерін газ баллондарымен жылытуға мәжбүр. Айтуларынша, егер үйде орталық жылу жүйесі болғанда, бұл апаттың алдын алуға болар еді.
Әкімдік бұл мәселеге қатысты түсініктеме бермеді, тергеудің аяқталуын күтіп отыр. Бірақ келесі жылы бәрін қайта қалпына келтіруге және тиісті өтемақыларды төлеуге уәде берді.
“Бұл мәселені шешу үшін қазір жергілікті атқарушы орган тарапынан аталған тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарына мердігер ұйымдар тартылып жатыр. Тұрғындарға материалдық шығын бойынша мемлекеттік қолдау болатыны айтылды. Қазір тұрғындар пәтердің өздеріне тиесілі екенін растайтын құжаттарды тапсырып жатыр. Осыдан кейін комиссия олардың өтініштерін қарастырады”, – деді Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ануар Аскербеков.
Тергеу уақытында үй мөрленді. Электр жарығы мен су толық ажыратылды. Тұрғындар аман қалған заттарын алып, пәтерлерін босатып жатыр. Бірі туған-туыстарына барса, енді бірі жалдамалы баспана іздеп жүр.