Қазіргі таңда ағылшын тілін үйренгісі келетін оқушылардың қатары жылдан жылға артып келеді. Шет тілін меңгерудің қиындықтары мен қызық қырларын Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің филология факультетінің 1-курс студенті Жанель Жакаева зерттеп көрді.
Соңғы жылдары ағылшын тілін оқытуда коммуникативтік тәсіл басты бағытқа айналды. Қарағанды қаласындағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің ағылшын тілі мұғалімі Аружан Мақанның айтуынша, бүгінгі оқушыларға білімді ойын, интерактив және өмірлік жағдаяттар арқылы жеткізу әлдеқайда тиімді.
«Біз сабақ барысында ең алдымен баланың тілді қолдану қабілетін дамытуды көздейміз. CLIL, Task-Based Learning, Project Method, Blended Learning сияқты әдістер жиі қолданылады. Бұл тәсілдер оқушыны тек грамматиканы жаттатумен шектемейді, керісінше оны нақты жағдайларда ағылшынша ойлауға және еркін сөйлеуге жетелейді. Әсіресе геймификация элементтері, цифрлық платформалар мен шағын жобалық жұмыстар өте жақсы нәтиже береді. Балалардың өз қызығушылықтары бойынша тақырып таңдап, оны ағылшын тілінде зерттеп, шағын презентация жасауы – олардың ынтасын арттыратын тиімді жол. Сонымен қатар, әр сабақта қысқа speaking-жағдаяттарды қолдану сөйлеу дағдысын айтарлықтай күшейтеді», – дейді Аружан Мақан.

Жас буынның тіл үйрену қабілеті де уақыт өткен сайын өзгеше сипат алып келеді. Кейбір балалардың тілі бірден ағылшынша шығып, реакциясы да жылдам қалыптасып жатады.
«Иә, өз тәжірибеме сүйенсек, альфа буыны (2010 жылдан кейін туғандар) тілді өте тез меңгереді. Өйткені олар цифрлық ортада өсті, ақпаратты жылдам игереді, мультимедиалық контентті оңай қабылдайды. 2003 жылдары туған ұрпақпен салыстырғанда, қазіргі балалардың тілдік реакциясы, жаңа сөзді есте сақтау жылдамдығы әлдеқайда жоғары. Дегенмен, кез келген тілдің сыры – тұрақтылық пен тәртіп. Бұл дағдыларды альфа ұрпағы үшін арнайы дамыту қажет. Зерттеулер олардың дамуы цифрлық ортамен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан электрондық құрылғыларды толық шектеу – қазір орынсыз. Керісінше, оларды дұрыс бағыттап, тіл үйретуге тиімді пайдалану – біздің басты міндетіміз. Интерактивті жаттығулар, мультфильмдер, тілдік ойындар, қосымшалар – бәрі де баланың қызығушылығын арттырып, үйрену үдерісін жеңілдетеді», – дейді Аружан Ералықызы.
«Duolingo, Lingokids, British Council Kids платформаларын балалар өте қызығып қолданады. Соңғы жылдары App Store-да қазақ балаларына бейімделген тіл үйрету қосымшаларының шығуы – қуанышты жаңалық. Мұндай бағдарламалар оқушының өздігінен жаттығуына, күнделікті кем дегенде 5–10 минут тілдік дағды қалыптастыруына мүмкіндік береді. Қазіргі балаларды ең алдымен ойын форматы, қолжетімді құралдар және тез көрінетін нәтиже ынталандырады. Сол себепті әр сабақта шағын жетістік сезімін тудыру өте маңызды. Мысалы: «Бүгін үш жаңа сөз үйрендің», «Бір сөйлемді қатесіз айттың», «30 секундта диалог құра алдың» деген сияқты нақты жетістіктер оқушыны одан әрі талпындырады», – дейді мұғалім.

Сонымен бірге Аружан Ералықызы баланы әлеуметтік желідегі ашық білімді дұрыс пайдалануға баулудың маңызын ерекше атап өтеді.
«Ең бастысы – жауапкершілік пен саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыру. Яғни интернеттен ақпаратты дұрыс іздеу, сенімді ресурстарды ажырата білу, электрондық құрылғыларды тиімді қолдану сынды дағдыларды сабақта үйрету қажет. Қандай заман болса да, тұрақтылық, тәртіп және күнделікті дағды қалыптастыру – тіл үйренудің негізгі факторы болып қала береді. Қазіргі жастардың ағылшын тіліне қызығушылығы өте жоғары. Әлемдік контенттің басым бөлігі ағылшын тілінде болғандықтан, оқушылар өз еркімен үйренуге ынталы. Бастауыш сыныптағы баланың өзі мультфильмді ағылшынша көргісі келіп жатады. Бұл – мұғалім үшін үлкен мүмкіндік», – дейді Аружан Мақан.
Жетекші: Малика ОТЫНШИЕВА
Автор: Жанель ЖАКАЕВА
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің 1-курс студенті