Биыл Қарағандыда ашық аспан астында бес тегін мұз айдыны жұмыс істейді. Қазіргі таңда олардың төртеуі ашылып үлгерді.
Өз конькиіңізбен тегін сырғанауға болатын орындар:
- Сарыарқа көшесіндегі «Алаш» сквері;
- Майқұдықтағы Қазақстанның 50 жылдығы атындағы саябақ;
- Пришахтинсктегі Қазақстанның 40 жылдығы атындағы саябақ;
- Сұрыптау ықшамауданындағы Теміржолшылар мәдениет үйі жанындағы саябақ.

Мұз айдындары күн сайын сағат 12:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Ауа райына немесе мұзды жаңарту қажеттілігіне байланысты кесте өзгеруі мүмкін. Өзекті ақпарат Қарағанды қаласының саябақтар мен гүлзарлар басқармасының Instagram-парақшасында жарияланады — @park.krg.
Конькиі жоқ келушілер үшін жалға беру қызметі қарастырылған. Жалға алу құны — 1000 теңге.
Саябақтар мен гүлзарлар басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, келу ережелері мұз айдындарының кіреберісінде екі тілде орналастырылған. Негізгі талаптар мыналар:
- мұзға шығу тек конькимен ғана рұқсат етіледі;
- конькисіз мұз үстінде жүруге тыйым салынады;
- қоғамдық тәртіпті сақтау және басқа келушілерге мұқият болу қажет;
- балаларға ересектердің бақылауымен сырғанау ұсынылады;
- мұзға тамақ пен сусын алып шығуға болмайды.
Қарағандыдағы ең үлкен Орталық саябақтағы мұз айдыны әзірге ашылған жоқ. Оның іске қосылуы 26 желтоқсанға жоспарланған. Осы күні сағат 20:00-де мұнда қаланың басты жаңа жылдық шыршасын жағу рәсімі өтеді.