Дубайда Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген Сабыржан Аққалықовқа қарағандылық кәсіпкер пәтер сыйлады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Боксшы марапаттау рәсіміне анасымен бірге қатысты.
"Отбасы – біздің ең мықты тірегіміз. Олар әрдайым қиын сәттерде қолдап, жетістіктерімізге бірге қуанады", – деп жазды Сабыржан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов бұған дейін Ливерпульде өткен әлем чемпионатындағы сәтсіз өнерінен кейін жанкүйерлерге айтқан ауыр сөздері үшін сынға қалған еді. Алайда, ол Семей қаласында өткен ел біріншілігінде өзін толықтай дәлелдеп, 75 келі салмақ дәрежесінде ерлер арасындағы үздік боксшы атағын жеңіп алды. Жарыс барысында барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, финалда да сенімді жеңіске жетті.
Сонымен қатар, 23 жастағы қарағандылық боксшы Дубайда өткен әлем чемпионатында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, күміс медаль еншіледі.