Қарағанды облысында өңірлік инновациялық-индустриялық QarTech форумы өтті. Ауқымды шара бір алаңда өнеркәсіп өкілдерін, ғалымдарды, стартап-командаларды және мемлекеттік органдардың өкілдерін біріктірді. Бір күнге QarTech хабы идеялар, технологиялар мен дайын шешімдер тоғысқан орталыққа айналды. Форумда цифрлық платформалар мен экологиялық әзірлемелерден бастап, экономиканың нақты секторына арналған қолданбалы ғылыми жобаларға дейін кең ауқымды бастамалар таныстырылды.

Форум бағдарламасы өңір дамуының төрт негізгі бағытына шоғырланды: тау-кен металлургия кешені, көмір химиясы және жаңа материалдар, Industry 4.0, сондай-ақ экология. Сонымен қатар QarTech инкубаторының стартап-көрмесі мен Demo Day алаңы жұмыс істеп, технологиялық командалар өз шешімдерін өнеркәсіп кәсіпорындарына ұсынды.

Форумның негізгі оқиғаларының бірі — «Инновациялық синергия: индустрия – ғылым – мемлекет» тақырыбындағы стратегиялық сессия болды. Онда ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің нақты тетіктері мен олардың экономикалық тиімділікке жеткізілу жолдары талқыланды. Пікірталасқа өңірдегі 80-нен астам серіктес кәсіпорын мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысып, бизнестің инновациялық экожүйені дамытуға деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
— Бүгінде өндірістерді технологиялық жаңғырту, инновациялық шешімдерді енгізу, кәсіпорындардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері алдыңғы қатарға шықты. QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық хабы — өнеркәсіп, ғылым және мемлекет арасындағы жүйелі өзара іс-қимылдың тиімді құралы, — деді Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева.

Форум аясында бірқатар байқаулардың қорытындысы шығарылды. Өндірістік процестерді автоматтандыру, инфрақұрылымды мониторингтеу және экологиялық технологиялар саласындағы шешімдерін ұсынған QarTech инкубаторының бес стартап-командасы ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Сондай-ақ қолданбалы ғылыми-технологиялық әзірлемелер байқауының нәтижесінде төрт ғылыми-өнеркәсіптік кластер бойынша сегіз жоба жеңімпаз атанды. Олардың қатарында карьерлерді зияткерлік мониторингтеу жүйелері, ресурсты үнемдейтін металлургиялық технологиялар және химиялық реагенттерсіз су тазалау шешімдері бар.
— QarTech форумы хабтың ғылыми идеялар мен инженерлік әзірлемелерді өңір өнеркәсібі үшін нақты қолданбалы шешімдерге айналдыратын тиімді жұмыс алаңы ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Жеңімпаз жобалар өз әзірлемелерін енгізуге дайын, әлеуеті жоғары инженерлік командалардың бар екенін дәлелдеді, — деді университеттің коммерцияландыру офисінің жетекшісі Рустам Бузяков.

Форум бағдарламасы әзірлемелерді коммерцияландыру, технологиялар трансфері және зияткерлік меншікті қорғау мәселелеріне арналған салалық сараптамалық интенсивтермен,

сондай-ақ өңірдің технологиялық даму әлеуетін айқын көрсеткен инновациялық шешімдер көрмесімен қорытындыланды.