Қазақстанда сиыр етін экспорттауға қойылған шектеу ұзартылды

Фото: Life09

Қазақстанда ірі қара мал етін сыртқа шығаруға қойылған шектеу мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрі 2025 жылғы 29 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара мал етін әкетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрыққа қол қойды. Құжат 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

Бұйрыққа сәйкес алты ай мерзімге сиыр етін (жаңа, салқындатылған және мұздатылған – ЕАЭО СЭҚ ТН 0201 және 0202 кодтары) экспорттауға сандық шектеу, яғни квота енгізілді. Жалпы квота көлемі 20 мың тонна. Шектеу ЕАЭО елдеріне де, үшінші мемлекеттерге де экспортқа қолданылады.

Сонымен қатар квотаны бөлу ережелері бекітілді. Уәкілетті орган ережелер енгізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде gov.kz порталында квота бөлу басталғаны туралы хабарландыру жариялайды. Онда жалпы квота көлемі мен бір экспорттаушыға берілетін ең жоғары мөлшер көрсетіледі.

Квота көлемі бордақылау алаңының қуатына байланысты:

  • 5 мың басқа дейін – 1 мың тонна
  • 10 мың бас – 2 мың тонна
  • 15 мың бас – 3 мың тонна
  • 20 мың бас – 4 мың тонна
  • 50 мың бастан жоғары – 10 мың тоннаға дейін

Бірнеше алаңы бар кәсіпорындар үшін квота олардың жиынтық қуатына қарай есептеледі. Квота жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде экспорттаушы компанияларға беріледі. Негізгі талаптар:

  • өз ет өңдеу кәсіпорны мен кемінде 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының болуы;
  • мал басының ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасында тіркелуі;
  • сыртқы экономикалық келісімшарттардың болуы.

2026 жылғы 1 сәуірден бастап RFID-белгілерді қолдану міндетті болады. Квота бір басқа шаққанда 200 кг орташа сойыс салмағы негізінде есептеледі. Берілген квота 10 күнтізбелік күн ішінде жарамды және шекарада ветеринариялық бақылаудан өткен соң өтелген болып саналады.

Квоталар экспорт лицензияларын беру кезінде мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде бөлінеді. Квота алғандар мен көлемдері уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады.

Айта кетейік, биыл қыркүйекте Қазақстанда сиыр еті күрт қымбаттап, дүкендерде бағасы бір келісі 5-6 мың теңгеге дейін жеткен еді.