2025 жыл: Қарағанды облысының 10 басты жетістігі

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

2025 жылы Қарағанды облысы еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретіндегі позициясын одан әрі нығайтты. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 4,5 трлн теңгеден асып, 25 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік салада да айқын серпін бар: медицина мен білім беруді жаңғыртуға басымдық берілді.

Өңір үшін есте қалған, ауқымы мен маңызы зор он басты жетістікті назарға ұсынамыз.

1. Өнеркәсіп.

Саран қаласындағы индустриялық аймақ қарқынды дамып келеді. Тұрмыстық техника зауыты Samsung маркалы теледидарлар мен кір жуғыш машиналарды шығара бастады. Машина жасау саласында да ірі жоба іске қосылды: жылына 10 мыңға дейін жүк және арнайы техника өндіретін Howo зауыты жұмысын бастап, шамамен мың жаңа жұмыс орны құрылды.

2. Ауыл шаруашылығы.

Өңірді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге және ет экспортын кеңейтуге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Нұра ауданында жылына 9 мың тонна сүт өндіретін, 1100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Ал Осакаров ауданында қуаты бірнеше есе жоғары — 6 мың басқа арналған, жылдық өндірісі 55 мың тоннаға дейін жететін кешен салынып жатыр.

Қарағанды облысынан жылқы етін жеткізуге Жапония қызығушылық танытты. Дайындық жұмыстары басталып, нақты ұсыныстар айтылды. Абай ауданындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорны аккредитациядан өтіп, жеке зертханасын ашты. Жобаны Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктері, сондай-ақ «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы қолдап отыр.

3. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде. 148 шақырымнан астам су құбыры және 44 шақырым кәріз желілері салынып, қайта жаңғыртылды. 22 шақырым жылу желісі ауыстырылып, үш қазандық жаңартылды.

Орталық газбен қамту да басым бағыттардың бірі. Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында 9589 үйге газ тарату желілері тартылды.

Қарағанды қаласының Шахтер кентінде көп жылдық мәселе шешімін тапты: шамамен 30 жыл бойы пешпен немесе электр қуатымен жылынған 58 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылды.

Биыл 61 ауылдың төрт мыңнан астам тұрғыны таза ауызсумен қамтылды. Оның 16-сында орталықтандырылған су жүйесі салынса, 45 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды.

4. Көлік инфрақұрылымы.

Қарағанды – Қарқаралы автожолының жөндеу жұмыстары аяқталды. Қарағанды қаласында Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыратын жаңа магистраль құрылысы жүріп жатыр, оның алғашқы бөлігі пайдалануға берілді. Бұқар жырау ауданының Ғ. Мұстафин кентінде Нұра өзені арқылы өтетін жаңа көпір ашылып, Теміртауға дейінгі жол 40 шақырымнан 12 шақырымға қысқарды.

5. Ғылым.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ұлттық университет мәртебесі берілді. Бұл — жоғары баға ғана емес, ғылым мен білімнің дамуына, академиялық еркіндік пен кәсіби өсімге жол ашатын жаңа кезең.

6. Білім беру

«Келешек мектептері» жобасы аясында бес жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар 40–50 жыл бұрын салынған білім беру ұйымдарын жаңғыртуға бағытталған реновация бағдарламасы басталды.

7. Денсаулық сақтау.

Медицина саласында ауқымды жаңғырту жүргізілді. Ауылдық жерлерде 66 жаңа нысан — амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынды, олардың 51-і қайтарылған активтер есебінен бой көтерді.

Жедел жәрдем автопаркі ұзақ жылдардан кейін алғаш рет толық жаңартылды: 113 арнайы көлік пен заманауи медициналық жабдықпен қамтылған екі реанимобиль сатып алынды. Х. Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада Қазақстанда алғаш рет нейрохирургиялық робот іске қосылды — жасанды интеллекті бар аппарат миға жасалатын аса күрделі операциялардың дәлдігін арттырады.

8. Инклюзияны дамыту.

Инклюзивті қоғам құру бағытында бірқатар әлеуметтік жобалар іске асты. Қарағандыда мүгедектер арбасын тегін жөндейтін сервис ашылды. Көпқабатты үйлерде тұратын арба қолданушыларға заманауи көтергіштер орнатылды. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында алғаш рет инклюзивті жасақ құрылып, менталдық ерекшелігі бар жасөспірімдер өзге қатарластарымен бірге еңбек етті. Қала әкімдігінің қолдауымен ашылған интеграциялық орталықта еліміздегі алғашқы инклюзивті дәмхана жұмысын бастады.

9. Спорт.

«Шахтёр» футбол клубы жекешелендіріліп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеке меншікке өтті. Облыс әкімдігі мен Freedom Holding Corp кәсіби футболды дамыту жөнінде меморандумға қол қойды. Жергілікті таланттарды даярлауға басымдық беріліп, футбол академиясының құрылысы басталды. Сондай-ақ Қарағандыда UEFA-4 санатындағы жаңа футбол стадионы салынбақ.

10. «Таза Қазақстан».

Экологиялық бастамалар да кең қолдау тапты. Қарағандының Орталық саябағында алма бағы пайда болды, 7 мыңнан астам ағаш пен бұта егілді. Облыс бойынша орман қоры ұлғайтылып, ең ауқымды жұмыстар Шахтинск маңында жүргізілді — 161 гектар аумаққа көшет егілді. Жалпы алғанда, биыл орман шаруашылықтары аумағында екі миллионнан астам жас шыбық егілді.

2025 жыл Қарағанды облысы үшін экономикалық қуат пен әлеуметтік жауапкершілік қатар өрбіген, даму бағыты айқындалған кезең ретінде есте қалды.