Креативті даму орталығынан бастап инклюзивті кафе ашуға дейін — Қарағанды облысының жастары «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарының арқасында өз идеяларын жүзеге асыруға нақты мүмкіндіктерге ие болуда.

Бағдарлама бастамашыл, талантты және белсенді жастарды қолдап, олардың жобаларының өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосуына жағдай жасайды.

Осындай жобалардың бірі — Айна Аратаеваның инклюзивті типографиясы. Бұл жоба коммерциялық қызметті әлеуметтік миссиямен, яғни менталдық ерекшеліктері бар адамдарды еңбекке интеграциялаумен ұштастырады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орындары ашылып, олар жаңа мамандық меңгеріп, еңбек тәжірибесін жинақтауға және қоғамда өзін жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

— Менталдық бұзылыстары бар адамдар еңбек саласынан жиі шет қалып жатады. Әсіресе 16 жастан кейін, мектеп кезеңі аяқталған соң, олардың даму, өзін-өзі жүзеге асыру және қарым-қатынас жасау мүмкіндіктері күрт азаяды. Типография — жұмыс үдерістерін мүмкіндіктердің әртүрлі деңгейіне бейімдеуге болатын бағыт: қолмен жинақтау мен қарапайым баспа операцияларынан бастап, тәлімгердің жетекшілігімен дизайн және беттеу жұмыстарына дейін. Бұл жай ғана «реабилитация» емес, нақты нәтиже мен табыс әкелетін шынайы жұмыс, — дейді грант иегері.

2025 жылы конкурсқа алты бағыт бойынша — бизнес, волонтерлік, IT, мәдениет, медиа және ғылым — барлығы 264 жоба ұсынылды. Көпсатылы іріктеу қорытындысы бойынша 25 жоба жеңімпаз атанып, әрқайсысы 2 млн теңге көлемінде грант алды. Бұл қаражат әлеуметтік және инклюзивті бастамалардан бастап, ғылыми зерттеулер мен медиажобаларға дейін нақты идеяларды іске асыруға бағытталады.

Әсем Бекбаева мүмкіндігі шектеулі адамдарды бариста кәсібіне және кофеграфика сияқты шығармашылық дағдыларға оқытатын кеңістік ашуды жоспарлап отыр. Жоба олардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесіп, қоғамда толерантты көзқарас қалыптастыруды мақсат етеді.
— Біздің жоба — мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер мен ересектер бариста кәсібін меңгеріп, еңбек нарығына интеграциялану үшін қажетті тәжірибе мен дағдыларды ала алатын орын. Кофеграфика сабақтары шығармашылық форматта өтеді: қатысушылар кофе бетіне сурет салуды ғана үйреніп қоймай, бір-бірімен араласып, достасып, қоғамдағы өз маңызын сезіне алады. Жоба арт-кафе форматында жұмыс істейтін болады, — деп атап өтті Әсем.

Гранттарды тек жеке іс ашуға ғана емес, қолданыстағы бизнесті кеңейтуге де бағыттауға болады.

Конкурс жеңімпаздарының тағы бірі — Жазира Төлегенова «Qazaq National Product» брендімен ұлттық сүт өнімі — құрт өндірісін жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Жоба қазақ асханасын насихаттауға, жергілікті өндірісті және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.

— Қазіргі таңда біз құрттың бес түрінен астамын өндіреміз: классикалық, ысталған, сарымсақ қосылған, насыбайгүл мен паприка қосылған.

Өнім әртүрлі пішінде ұсынылады — дөңгелек, шиыршық, пилюля және тіпті асық түрінде. Алынған грант өндірісті кеңейтуге, жабдық сатып алуға және өнімді жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді, — дейді Жазира. — Жобаның ерекшелігі — бизнесті мүмкіндігі шектеулі әйелдің жүргізуі. Бұл оның әлеуметтік маңызын айқындап, мемлекеттік қолдау жағдайында өзін-өзі жүзеге асыру мен кәсіпкерліктің мүмкін екенін көрсетеді. Сондай-ақ өндіріс көлемі мен ассортимент кеңейген сайын штат санын арттыру перспективасымен үштен беске дейін жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз.

Жобаларды іске асыру салалық құрылымдардың сүйемелдеуімен жүргізіледі және алдағы айларда басталады.
Дереккөз: Gov.kz