Сарандық отбасы қалалық Мәдениет үйін бейнелейтін тоқаш үйін пісірді

gov.kz

Саран қаласында тұратын суретші әрі төрт баланың анасы Виктория Лаппаның отбасында жыл сайынғы ерекше дәстүр бар: әр Жаңа жылда олар тоқаш үй пісіреді. Әр жолы үйлер әртүрлі болып шығады — екі қабатты, карамельді терезелі немесе заманауи A-frame үлгісінде. Биыл отбасы қалалық Мәдениет үйі пішініндегі ерекше тоқаш үй жасап, жергілікті пабликтердің назарын аударды.

Викторияның айтуынша, бұл идея аяқ асты пайда болған. Жаңа жыл алдында ол қалалық стадион аумағындағы ғимарат қабырғасын тапсырыспен бояп жүрген. Сурет патриоттық бағытта жасалған: қаланың символы саналатын арка, SARAN жазуы және қалалық көріністер бейнеленген.

— Сол сәтте «неге біздің Мәдениет үйімізді тоқаш түрінде жасап көрмеске?» деп ойладым. Балалар бұл ойды бірден қолдап, қуана-қуана пісіріп, бірге жинадық. Эскизді өзім жасағаныммен, бөлшектерін қамырдан қолмен қиып шықтым. Құрастыру оңай болды: әдетте бірдеңе құлап немесе ұстамайды, ал бұл жолы бәрі бірден шықты. Тек шатыры сәл сырғып кетті, оны глазурьмен тез бекіттік, — дейді Виктория.

Аспаз әрі суретші ретінде ол пісірудің басты құпиясын бөлісті: ең маңызды кезең — жақсы күйдірілген қант дайындау. Бұл — қант пен дәмдеуіштерден (зімбір, даршын, қалампыр) дайындалған карамель, оған лимон қабығы мен шырыны қосылады. Кейін бал, сары май, жұмыртқа, ас содасы мен ұн араластырылады. Нақты өлшемдер жоқ — ингредиенттер дәмі мен қоюлығына қарай интуитивті түрде араластырылады.

Глазурьді Виктория әр жолы әртүрлі дайындайды: негізі — жұмыртқа ақуызы, қант ұнтағы және лимон шырыны. Қоюлығын жасайтын өніміне қарай реттейді: қою глазурь бөлшектерді біріктіруге қажет болса, сұйығы қабырғалар мен терезелерді өрнектеуге қолданылады.

Тоқаш үй пісіру мен құрастыру процесін Виктория үнемі видеоға түсіреді. Бұл жазбалар отбасының жеке мұрағатында сақталып, балаларымен бірге қайта-қайта қаралады. Биыл да дәстүр өзгерген жоқ.

— Видеоны өз парақшама жарияладым, кейін құрбым қалалық пабликті белгілеп көруге кеңес берді. Оларға ролик қатты ұнады, бірлесіп жариялауды ұсынды. Кейін басқа пабликтер, оның ішінде қарағандылық парақшалар да бейнені бөлісуге рұқсат сұрады. Көбіне жылы пікірлер жазылады, оларды оқып, қуанамыз, — дейді Виктория.

Қалалық Мәдениет үйі бейнесіндегі тоқаш үйді құрастыру видеосы отбасы мұрағатының бір бөлшегі ғана емес, сонымен қатар жылы әрі есте қаларлық жаңа жылдық оқиғаға айналды.

 Дереккөз: Gov.kz