2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды өңірінің жоғары оқу орындары елдегі білім беру бағдарламалары рейтингісінде көшбасшылар қатарына енді. Өңір университеттері арасында ең жоғары нәтижені Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті көрсетті. Университеттің бірден төрт білім беру бағдарламасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» әзірлеген ұлттық рейтингте бірінші орындарға ие болды.

Аталған рейтинг сегізінші жыл қатарынан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізіліп келеді. Биылғы бағалау аясында 2031 білім беру бағдарламасы мен 95 мыңнан астам түлектің деректері талданды. Нәтижесінде 117 бағыт бойынша рейтинг қалыптастырылды. Бағалау түлектердің мансаптық мүмкіндіктері, білім беру бағдарламаларының сапасы, студенттердің жетістіктері және жоғары оқу орындарының жалпы тиімділігі секілді төрт негізгі блок бойынша жүзеге асырылды.

Қарағанды жоғары оқу орындары арасында көш бастап тұрған Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 29 білім беру бағдарламасы рейтингке енді. Олардың басым бөлігі алғашқы ондыққа кірсе, 12 бағдарлама үздік үштікке тұрақтады.

Университеттің «Құрылыс материалдары, бұйымдары мен конструкцияларын өндіру», «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы», «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» және «Құрылыс» бағдарламалары бірінші орынды иеленді.

— 2024 жылмен салыстырғанда бірінші орын алған бағдарламалар саны екі есеге артты. Бұл университеттің бәсекеге қабілеттілігінің артқанын және жетекші білім беру бағыттарының ұлттық деңгейде мойындалғанын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл көрсеткіш сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, инновациялық оқыту тәсілдерін енгізуге және еңбек нарығы талаптарына бейімделген бағдарламаларды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі, — деді стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Тимур Қанапиянов.
Университеттің тағы үш бағдарламасы екінші орынды, бес бағдарламасы үшінші орынды иеленді.

Қарағанды медицина университеті де рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. «Стоматология және фармация» білім беру бағдарламасы бірінші орынға шықты. «Медицина», «Қоғамдық денсаулық сақтау» және «Мейіргер ісі» бағыттары екінші орынды иеленсе, «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» бағдарламасы төртінші орынға орналасты. Жекелеген бағдарламалар бойынша түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 95–97%-ға жетіп, жұмыс іздеу мерзімі орта есеппен 1–2 айды құрады.

«Рейтингке қатысу — қол жеткізілген нәтижелерді мойындау ғана емес, сонымен қатар білім беру сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті медициналық кадрларды даярлауға серпін беретін маңызды фактор», — деп атап өтті университет өкілдері.

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінен рейтингке 56 білім беру бағдарламасы ұсынылды.

Соның ішінде 13 бағдарлама үздік үштікке, ал 38 бағдарлама елдегі үздік ондыққа енді. Алты бағдарлама екінші орынды иеленді. Атап айтқанда, «Көрнекі өнер, көркем еңбек, графика және жобалау», «Математика–Физика», «Физика», мамандардың әртүрлі санатын даярлауға арналған екі «Тарих» бағыты және «География». Университеттің жеті бағдарламасы үшінші орынға жайғасты.

На третьем месте семь образовательных программ вуза.

Тұрақты нәтижелерді Қазтұтынуодағының Қарағанды университеті де көрсетті.

«Әлеуметтік жұмыс» бағдарламасы үшінші орынды, «Әлемдік экономика» бағдарламасы төртінші орынды, ал «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» бағдарламасы тоғызыншы орынды иеленді.

Сондай-ақ рейтингтің үздік ондығына Қарағанды индустриялық университеті де енді. Талдаудан өткен 14 білім беру бағдарламасының бесеуі үздік ондыққа кірсе, «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы» бағдарламасы үшінші орынды иеленді.