Қазақстанның дамуы - көрші елдерге үлгі

Фото: Facebook парақшасынан алынды | Коллаж LIFE09

Белгілі PR-маманы Айбар Олжаев өзінің Facebook парақшасында Қазақстан тәжірибесін Өзбекстандағы реформалармен салыстыра отырып, ой бөлісті.

Соңғы кезде Өзбекстан өзін жаңа экономикалық модель ұсынушы ел ретінде танытуға тырысуда. Халықаралық форумдарда елдің серпінді дамуы, ашықтығы мен цифрландыру саласындағы жетістіктері жиі сөз болады. Дегенмен, Олжаевтың пікірінше, бұл үрдістің түп-тамыры Қазақстанның бұрыннан жүріп өткен жолымен үндес.


«Қазақстан қазіргі таңда ұлттық мүдделеріне толық сай келетін, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп, әділетті әлемдік тәртіп қалыптастыруға үлес қосып отыр. Өзбекстан да осы бағытқа бейімделіп, Қазақстанның тәжірибесін саралап, реформаларды жүзеге асыруда», — дейді Олжаев.


Экономикалық көрсеткіштерге тоқталсақ, Өзбекстандағы ІЖӨ өсімі пайыздық тұрғыда Қазақстаннан жоғары көрінуі мүмкін. Мәселен, былтыр Өзбекстанның ІЖӨ 7,7% өсіп, 147 миллиард долларды құраса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 6,5% болғанымен, жалпы ІЖӨ көлемі 300 миллиард доллардан асты. Бұған қоса, жан басына шаққандағы табыс, еңбек өнімділігі, урбанизация деңгейі және қаржы нарығы бойынша Қазақстан әлі де сенімді түрде алда тұр.
Цифрландыру саласында да Қазақстан тәжірибесі айқын көрінеді. E-gov пен цифрлы қызметтер жүйесі қоғам мен бизнеске терең сіңіп, экожүйелік деңгейге жеткен. Ал Өзбекстанда цифрландыру әлі толық әкімшілік бақылаудан босап үлгерген жоқ. Тіпті, еуропалық елдер де Қазақстандағы онлайн төлемдер мен QR жүйесіне таңданады.


«Мәселе Өзбекстанда емес. Көрші елдің реформаларға талпынысы түсінікті және дұрыс. Қазақстан бұл жолды бұрыннан жүріп өтті. Қазір басқарудың сапасы мен ұзақ мерзімді даму басымдыққа ие. Сол себепті Қазақстан аймақтағы күн тәртібін қалыптастырып отырған ел болып отыр», — деп түйіндеді Айбар Олжаев.