Жетісу облысында үш жасар бала зорлық белгілерімен ауруханаға түсті: әкесі қамауға алынды

Фото: Canva

Жетісу облысында үш жасар балаға қатысты зорлық-зомбылық дерегі тіркелді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, ағымдағы жылдың 2 ақпан күні сағат 21:00 шамасында «102» пультіне медициналық мекемеден хабарлама түскен. Онда үш жасар баланың зорлық белгілері бар дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілгені айтылған.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері баланың әкесін алкогольдік масаң күйде ұстаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Қазіргі уақытта бала анасының жанында медициналық мекемеде жатыр, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.