Қарағандылық «Шахтёр» Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын өткізуде

gov.kz

Қарағандының «Шахтёр» футбол клубы алдағы маусымға дайындықты қарқынды жалғастырып жатыр. Команданың екінші оқу-жаттығу жиыны Түркияның Белек қаласында өтуде. Жиын аясында төрт жолдастық матч өткізу жоспарланған. Бұл кездесулер негізгі құрамды айқындау мен тактикалық үлгілерді пысықтауда маңызды кезең болмақ.

«Команданың дайындығы 12 ақпанға дейін жалғасады. Жиын барысында жаттықтырушылар штабы әлеуетті жаңа ойыншыларды қарастыруы мүмкін. Дайындық аясында Ресей мен Өзбекстан клубтарына қарсы бақылау кездесулері жоспарланған. Бұл матчтар ойыншылардың өзара байланысын жетілдіруге және физикалық дайындығын арттыруға бағытталады», – деп хабарлады клубтың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, «Шахтёрдің» алғашқы шетелдік оқу-жаттығу жиыны да Түркияда өткен. Ол 9–22 қаңтар аралығында ұйымдастырылып, венгриялық және косоволық командаларға қарсы екі бақылау ойыны өткізілген.

Дереккөз: Gov.kz