Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: жаңа генерация мен инвестициялар еліміздің энергетика жүйесіне өзгерістер әкелуде

Primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында елімізде электр энергетикасының жүйелі дамуын қамтамасыз ету және инфрақұрылымдық сенімділіктің жаңа деңгейіне көшу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі уақытта қабылданып жатқан шаралар белгіленген қуатты арттыруға, жаңа генерацияны жаңғырту және салу жөніндегі ауқымды жобаларды іске қосуға, сондай-ақ сенімділік пен энергетикалық қауіпсіздікті арттыратын тұрақты инвестициялық тетікті қалыптастыруға бағытталған.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдың бірінші тоқсаны соңына қарай ел электр энергиясына деген ішкі қажеттілікті толығымен жабады, ал 2029 жылға қарай тұрақты профицитке қол жеткізеді.

Энергетика жүйесінің қазіргі көрінісі

Жаңадан іске қосылған нысандарды ескере отырып, Қазақстанның энергожүйесі қазіргі уақытта 241 энергия көзін қамтиды, оның 162-сі – жаңартылатын энергия көздері. 

ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жүзеге асырылып жатқан жобалар экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін ортамерзімді перспективада қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Министрлік қазірдің өзінде 2027 жылға қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік беретін бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда. 2029 жылға қарай тұрақты профицитке шығу жоспарланып отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта көмір генерациясын дамыту жобасы әзірленіп жатыр, басымдық таза көмір технологияларына берілуде. Жоспарда Курчатов қаласында жаңа станса мен Екібастұзда МАЭС-3 құрылысын салу қарастырылған. Сонымен қатар қолданыстағы инфрақұрылымдар ретке келтірілуде. Сондай-ақ 2026 жылы 2,6 мың МВт-тан астам жаңа қуат іске қосылады деп күтілуде. Барлық жұмыс бір мақсатқа, еліміздің бүкіл энергожүйесінің сенімділігін, тиімділігін және тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», — деп атап өтті ҚР энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы белгіленген қуат 26,7 ГВт-қа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 ГВт-қа өсті.

Генерацияның негізгі көлемін дәстүрлі қуат көздері құрайды. 

Қолданыстағы генерация құрылымында көмір электр стансалары 13,8 ГВт-ты, газбен жұмыс істейтін стансалар – 6,8 ГВт; ірі гидроэлектростансалары – 2,5 ГВт; ЖЭК үлесі 3,6 ГВт-ты құрайды.

Мұндай теңгерім бір мезгілде энергия жүйесінің тұрақтылығын және энергия теңгерімін кезең-кезеңімен әртараптандыруға мүмкіндік береді.

2035 жылға дейінгі жоспар: 26 ГВт-тан астам жаңа генерация

26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды іске қосуды көздейтін энергетика саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі жоспары аясындағы жұмыс белсенді түрде жалғасуда.

Өсу бірқатар бағыт есебінен қамтамасыз етіледі:

• 5 ГВт – қолданыстағы стансаларды жаңарту және кеңейту;

• 10,5 ГВт – жаңа дәстүрлі генерация салу;

• 8,4 ГВт – ЖЭК жобалары;

• 2,4 ГВт – атом электр стансасы.

Қолданыстағы қуат көзедрін жаңарту және жаңа объектілерді құру арасындағы мұндай теңгерім Президент қойған міндетті шешуге мүмкіндік береді – экономиканың өсу қарқынын жеделдете отырып, сенімді энергиямен қамтамасыз ету.

Маневрлық генерация – негізгі басымдық

Саланы дамытудың орталық бағыттарының бірі – маневрлік генерацияны арттыру. Жаңа қуаттардың шамамен 31,4%-ы жүктемені реттеу мен энергия жүйесінің икемділігін қамтамасыз ететін сегменттен келеді. Оның құрылымында гидроэлектростанциялар – 1,17 ГВт, бу-газ қондырғылары - 5,6 ГВт және Екібастұз МАЭС-3 бар, соңғысының 2,64 ГВт қуатының 1,5 ГВт-ы маневрлік функцияларды орындайды.

Жүзеге асырудың соңғы сатысында Қызылорда облысындағы 240 МВт-тық, Түркістан облысындағы 1 мың МВт-тық бу-газ қондырғылары (БГҚ) құрылысының жобалары, сондай-ақ Алматы қаласындағы жалпы қуаты 1101 МВт болатын ЖЭО-ны газға ауыстыру бойынша жобалар тұр. Алдағы үш жылда жаңа қуат көздерін енгізу негізінен реттеу қуатының тапшылығын жабуға бағытталатын болады.

ЖЭК және энергияны жинау жүйелері

Жаңартылатын энергетиканы дамыту энергияны жинақтау жүйелерін енгізумен қатар жүреді.

ЖЭК жөніндегі ірі жобалар шеңберінде жалпы сыйымдылығы сағатына 3 ГВт-тан асатын жинақтағыштарды енгізу көзделген, бұл сұраныс төмен сағаттарда артық энергияны жинақтауға және оны бірыңғай энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыра отырып, ең жоғары жүктемелер кезеңінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Инвестициялар: жоспардан жүзеге асыруға көшу

Бүгінгі таңда жүзеге асырудың белсенді кезеңінде жалпы сомасы 13,1 трлн теңгеге жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба тұр, оның ішінде:

• Қуаты 10,2 ГВт болатын 30 дәстүрлі генерациялау жобасы;

• Қуаты 5,1 ГВт болатын 51 ЖЭК жобасы бар.

2024 жылы Энергетика министрлігі мен энергия өндіруші ұйымдар арасында жалпы қуаттылығы шамамен 2 ГВт болатын 14 инвестициялық келісім, ал 2025 жылы қуаттылығы 775,9 МВт болатын тағы 2 келісім жасалды. Бұл – инвестициялық циклды қайта бастаудың және саланың экономикалық тартымдылығын қалпына келтірудің нәтижесі.

Аукциондық механизмдер және жаңа БГҚ-лар

Маневрлік генерацияны іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық шеңберінде Түркістан, Қызылорда облыстарында, Ұлытау облысында және Алматы қаласында жиынтық қуаты шамамен 1,8 ГВт болатын бу-газ қондырғыларының 4 жобасы жүзеге асырылуда.

Бұдан басқа, 2024 жылғы тамызда өткен кезекті аукциондардың қорытындысы бойынша Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстарында жалпы қуаттылығы 700 МВт болатын БГҚ жобалары айқындалды, аяқталу мерзімі – 2028 жылы. 2025 жылдың желтоқсанында Астанада қуаты 500 МВт бу-газ қондырғыларының құрылысына сауда-саттық өткізілді.

Одан өзге, биыл маңызды экологиялық жоба – Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру аяқталады. 

Көмір генерациясы және стратегиялық шешімдер

Президенттің тапсырмасы бойынша «таза көмір» технологияларын қолдана отырып, көмір генерациясын дамыту бойынша жеке жоба әзірленуде. Жоспарға жалпы қуаты 7,6 ГВт болатын жобалар кіреді.

Энергетикалық көмірдің расталған қоры 33,6 млрд тоннаны құрайды, бұл көмір өндірісін энергия балансының ұзақмерзімді элементі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

2025 жылдың соңы мен осы жылдың басында тендерлер өткізілді, бұл сала үшін тарихи кезең болды.

Қуаты 2 640 МВт болатын Екібастұз МАЭС-3 құрылысы бойынша жеңімпаз анықталды (2029-2032 жылдары пайдалануға беріледі).

Курчатовта көмір стансасын салуға келісім жасалды (700 МВт). Көкшетау, Семей және Өскеменде ЖЭО жобалары жүзеге асырылуда.

2026 жылы 9 энергоблокты, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған, бұл ел бойынша ЖЭО тозуын 61%-дан 59%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

 Қуат көздерін кезең-кезеңмен енгізу және профицитке шығу

2024 жылы 771 МВт, 2025 жылы 669 МВт жаңа қуаттар іске қосылды. 2026 жылы шамамен 2,6 ГВт, 2027 жылы шамамен 1 ГВт іске қосу жоспарлануда.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2028 жылы 3,9 ГВт, ал 2029 жылы шамамен 5,7 ГВт іске қосылады деп күтілуде. Бұл экспорттық әлеуеттің өсуіне жағдай жасай отырып, электр энергиясының ғана емес, реттеу қуатының да профицитін қамтамасыз етеді.

Реформалар экономикасы және энергетикалық негіз

Саланы дамыту үшін маңызды фактор «Тарифті инвестицияға айырбастау»  жаңартылған бағдарламасы болды, оның шеңберінде инвестицияларды қайтарудың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 25 инвестициялық келісім жасалды.

Айта кету керек, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске қосу кезеңінде жеке компаниялар дивидендтер төлемеген. Барлық қаражат станциялардың қолданыстағы жабдықтарын реконструкциялауға және жаңартуға қайта инвестицияланды.

Қазақстанның Ұлттық электр желісінің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында елдің энергетикалық негізін нығайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.

Сонымен қатар стратегиялық желілік жобалар жүзеге асырылуда:

  • Оңтүстік аймақтың электр желілерін күшейту;

  • Батыс Қазақстан энергожүйесін Бірыңғай ұлттық энергожүйемен біріктіру. Жұмыстар 2027 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталуы жоспарланған кестеге сәйкес жүргізілуде.

Келешегі зор жобалардың бірі Баку қаласында өткен СОР 29 конференциясының алаңында үш елдің (Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан) Мемлекет басшылары қол қойған «Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін жасыл энергетикалық дәліз» болып саналады. Бүгінгі таңда барлық үш жүйелік оператордың қатысуымен бірлескен кәсіпорын құрылды, жұмыс жалғасуда.

Осылайша, Президенттің электр энергетикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру елдің тұрақты және теңгерімді энергетикалық контурын қалыптастырады. Жаңа қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосу, қолданыстағы генерацияны жаңғырту және инвестициялық тетіктерді іске қосу тапшылық тәуекелдерін жойып қана қоймай, экономиканың серпінді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: Primeminister.kz