Қарағанды облысында зейнеткерлер мен зейнет жасына таяп қалған азаматтарды жұмыспен қамту жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. «Күміс жас» бағдарламасы іске қосылған төрт жыл ішінде 5 мыңға жуық адам еңбек нарығынан өз орнын тапты. Ал 2024 жылдан бері өңірде зейнеткерлердің қоғам өміріне белсенді араласуына бағытталған «Алтын жас» жобасы жұмыс істеп тұр.
Хадиша Шотаяхова зейнетке шығар алдында Қарағандыға қоныс аударған. Бір жыл бойы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін үйде отырмай, Мансап орталығына жүгінуді жөн көрген. Нәтижесінде оған «Алтын жас» бағдарламасы аясында балаларға арналған білім беру орталығынан жұмыс ұсынылған. Бұл ұсыныс жас зейнеткерге толықтай қолайлы болды: жұмыс орны үйіне жақын, әрі зейнетақыға қосымша табыс табуға мүмкіндік бар.
– Үйде отыруды қаламаймын. Бос уақытым жеткілікті: қызымның баласына көмектесемін, сонымен қатар басқа балалардың білім алуына үлес қосып жүрмін. Бұл – менің өмірлік жолым, – дейді Хадиша Шотаяхова.
Еңбек нарығында тіл пәндері мұғалімдерінің сұранысы жоғары екенін Еңбек ұтқырлығы орталығы директорының орынбасары Дәурен Қошқаралиев атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс берушілер кәсіби тігіншілерге, аспаздарға, слесарьларға және басқа да жұмысшы мамандық иелеріне ерекше қызығушылық танытады. Ең бастысы – тәжірибе мен істің сапасы.
– Өткен жылы «Алтын жас» бағдарламасы арқылы 472 адам жұмысқа орналастырылды. Биыл бұл көрсеткішті 600 адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қатысуға ниетті азаматтар аз емес, – дейді Даурен Қошқаралиев.
Зейнет жасындағы қызметкерлерді жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, белгіленген лауазымдық жалақының 50 пайызы, бірақ 1 ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшерде, мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі.
– Біздің медициналық орталыққа келушілер саны жоғары. «Алтын жас» бағдарламасы басталған кезде кадр тапшылығын шешу мақсатында қатысуға өтінім бердік. Нәтижесінде бізге медбике болып Нұрбибі Кенжебаева жолданды. Ол – тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары маман, – дейді медициналық мекеме әкімшісі Мейрамгүл Рыспек.
Нұрбибі Кенжебаева 43 жыл бойы медбике болып еңбек еткен. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Мансап орталығына жүгініп, 2024 жылдың сәуір айынан бастап медициналық орталықта қызметін жалғастырып келеді.
– Өз жұмысымды да, ұжымымды да жақсы көремін. Невропатолог-дәрігерлермен бірлесіп жұмыс істеймін, екпе саламын, – дейді медбике.
50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған тағы бір жоба – «Күміс жас» бағдарламасы. Төрт жыл ішінде бұл бағдарлама арқылы 4725 адам еңбекке тартылған. «Қарағандыэнергоремонт» компаниясы электр станцияларының, ЖЭО мен МАЭС-тердің жылу-механикалық және электр жабдықтарын, сондай-ақ тау-кен өндірісіндегі жабдықтарды күрделі жөндеу, жаңғырту және техникалық қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Қазіргі таңда кәсіпорында 200-ден астам қызметкер еңбек етеді, олардың 10 пайызы «Күміс жас» бағдарламасы бойынша жұмысқа алынған.
– Бағдарлама аясында келген мамандар – тәжірибесі мен біліктілігі қалыптасқан кадрлар. Ал егер біздің салада нақты тәжірибесі болмаса да, ынтасы болса, біз оны оқытып, үйретеміз. Себебі нәтижесінде бізге қажетті маманды даярлап шығаратынымызға сенімдіміз, – дейді компанияның даму жөніндегі директоры Сергей Глухов. – Оның үстіне, мемлекеттік қолдау бар.
«Күміс жас» бағдарламасы үш жылға есептелген. Бірінші жылы мемлекет жұмыс берушіге қызметкердің жалақысының 70 пайызына дейін, екінші жылы – 65 пайызына, үшінші жылы – 60 пайызына дейін субсидия береді. Бағдарлама мерзімі аяқталған соң, егер қызметкер сол уақытқа дейін зейнеткерлікке шықпаған болса, жұмыс беруші оны тұрақты жұмыс орнына қабылдауға міндетті.
Вячеслав Калинин – кәсіби токарь. Ол ұзақ жылдар бойы Қарағандыдағы зауыттардың бірінде еңбек еткен. Осыдан соң Мансап орталығына жүгініп, нәтижесінде «Қарағандыэнергоремонт» компаниясына жұмысқа орналасқан.
– Қазір мен 59 жастамын. «Қарағандыэнергоремонтта» еңбек етіп жүргеніме өте қуаныштымын. Іздеген жұмысымды таптым, – дейді бесінші разрядты токарь.
Айта кетейік, кәсіпорын Еңбек ұтқырлығы орталығымен соңғы бес жыл бойы тұрақты түрде ынтымақтастық орнатып келеді.