Қарағанды қаласында автобус паркі кезең-кезеңімен жаңартылуда. №29 бағытқа жаңа автобустар шығарылды. Ұзақ уақыт бойы тұрғындар қоғамдық көліктердің жағдайына шағымданып келген. Осыған байланысты жолаушы тасымалдаушы компания жаңа автобустар сатып алды.

Жаңа көліктер — «СемАЗ» ЖШС-де шығарылған Dongfeng маркалы автобустар. Олардың сыйымдылығы 45 адамды құрайды. Экологиялық класы — Евро-5. Барлық автобустар кондиционерлермен және жылыту құрылғыларымен жабдықталған, салондарында бейнебақылау камералары орнатылған. Жолақыны төлеу үшін ONAY терминалдары мен QR-кодтар қарастырылған.

– Автопарк 22 жаңа автобус сатып алды. Оның алғашқы жетеуі Қарағандыға жеткізіліп, №29 бағытта қызмет көрсете бастады. Қалған автобустарды наурыз айының соңына дейін аламыз, олар да осы бағытқа жіберіледі. Нәтижесінде бұл бағыттағы автобус құрамы толық жаңартылады, – деп түсіндірді «Экспресс ИАА» ЖШС директоры Жарқын Оспанов.

Жаңа жылжымалы құрамның жеткізілуін ескере отырып, автопарктің жаңару деңгейі шамамен 95 пайызды құрайды.