Шымкент қаласында қоғамдық көлікте 15 жастағы мектеп оқушысына қатысты қолайсыз жағдай болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі stankznews-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы қыздың анасы әлеуметтік желіде жазған.
Оның айтуынша, қызы таңертең №52 автобуспен мектепке бара жатқан кезде салон іші лық толы болған. Осы сәтті пайдаланған шамамен 40 жастағы ер адам жасөспірімге жақындап, белдемшесінің астына қолын жүгірткен. Қыз алғашында абдырап қалғанымен, кейін бұрылып қарап, ер адамның өзіне тіке қарағанын байқаған. Содан соң ол телефонын шығарып, оны видеоға түсіре бастағанда, күдікті қолын тартып алып, келесі аялдамадан түсіп кеткен.
Жәбірленушінің анасы бірден полицияға жүгінген. Абай аудандық полиция басқармасы аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғап, автобус ішіндегі бейнебақылау жазбаларын тәркілеген. Қазіргі уақытта күдікті ер адам ұсталып, қамауға алынған.