Қарағандыда аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мамандыққа алғашқы қадамдарын жасап жатыр — олар кондитерлік істі меңгеріп, еңбек тәжірибесін алуда. Тамақтану және сервис колледжінде оқу-өндірістік комбинат жұмыс істейді, мұнда оқу үдерісі тәжірибемен және тәлімгерлердің қолдауымен ұштастырылған.
Өткен жылдың желтоқсан айында мұнда «Кондитерлік іс» бағыты бойынша оқу-өндірістік комбинат (ОӨК) өз жұмысын бастады. Ашық сабақ барысында білім алушылар өздерінің меңгерген дағдыларын көрсетті: қамырдан өнімдер дайындады, креммен жұмыс істеді, десерттерді безендірді. Ата-аналар мен қонақтар оқу үдерісімен танысып, өндірістік оқыту шеберлерімен тілдесті.
ОӨК — теория бірден тәжірибемен бекітілетін алаң. Комбинатта 14 пен 22 жас аралығындағы он жасөспірім мен жас білім алуда. Олардың қатарында аутизм спектрінің бұзылыстары, Даун синдромы, есту қабілетінің сенсорлық бұзылыстары, органикалық бұзылыстар және зейін тапшылығы мен гиперактивтілік синдромы (ЗТГС) бар жастар бар. Оқу курсы алты айға есептелген. Оны аяқтаған соң қатысушылар мемлекеттік үлгідегі куәлік алады. Бұл олардың дербестікке, әлеуметтік бейімделуге және еңбекке орналасуға жасаған алғашқы қадамына айналады.
Жоба Bolashak Charity қоры тарапынан жүзеге асырылуда.
Қордың әлеуметтік және инклюзивті бағдарламалар жетекшісі Самал Әлбилекова бұл бастама мектептен кейін балаларын оқытуды жалғастыру мүмкіндіктерін іздеген ата-аналардың сұранысына жауап ретінде қолға алынғанын атап өтті.
— Оқу-өндірістік комбинат даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер үшін, сондай-ақ түрлі себептермен оқуын жалғастырмаған жастар үшін мектеп пен колледж арасындағы аралық буын ретінде ойластырылды. Балалар мектеппен қатар сабақтарға қатысып, кәсіби дағдыларды меңгере алады, командада жұмыс істеуді үйренеді және алғашқы мамандығын алады, — деді Самал Әлбилекова.
Қор сондай-ақ тағылымдамаларды ұйымдастыруға және мүмкіндігінше түлектерді кейін жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.
Колледжде қажетті өндірістік-техникалық база жасақталған, ал өндірістік оқыту шеберлері мен педагогтер инклюзия негіздері бойынша қосымша даярлықтан өткен. Бағдарлама қамырдың әртүрлі түрлерімен жұмыс істеуді, майлы және майсыз тәтті тоқаш өнімдерін дайындауды қамтиды. Әр білім алушыға жеке тәсіл қолданылады.
— Біздің міндетіміз — тек бәліш пісіруді үйрету емес, балаларға өз күшіне сенімділік сезімін және жетістіктерінен қуаныш алуды дарыту, - дейді өндірістік оқыту шебері Гүлнар Маматова. — Жұмыстың ерекшелігі — жеке тәсілде. Топта дамуында әртүрлі ерекшеліктері бар студенттер оқиды, сондықтан әр тапсырманы кезең-кезеңімен, сабырлы түрде түсіндіреміз, әрқайсысына көмектесіп, қолдау көрсетеміз. Оқушы қателесуден қорықпайтын қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру аса маңызды.
Көптеген отбасы үшін жобаға қатысу инклюзия жолындағы ұзақ сапардың жалғасына айналды. 18 жастағы Ералының анасы Саида Ермағамбетқызы қорымен таныстық бірнеше жыл бұрын басталғанын еске алады. Сол кезде мамандардың қолдауымен ұлы үйден оқытудан жалпы білім беретін мектепке ауыса алған.
— Алғашқы жылдар оңай болған жоқ, бірақ біртіндеп бейімделіп, қарапайым мектепте тоғыз сыныпты аяқтады. Қазір Ералы — техникалық-құрылыс колледжінің бірінші курс студенті. ОӨК-де ол аспаздық дағдыларын қатар меңгеріп жүр. Ұлым риза. Үйренгенінің бәрін үйде қолданады: жуырда зімбірлі печенье пісіріп, мұғалімдері мен сыныптастарына ұсынды. Ол үшін өз қолымен бір нәрсе жасай алатынын сезіну маңызды. Мұндай жобалар аутизмі бар жасөспірімдерге тек мамандық емес, болашаққа сенім де береді. Қазірдің өзінде аспаз болып жұмыс істегісі келетінін айтады, — деді Саида Ермағамбетқызы.
ОӨК жобасы 2024 жылы Астанада бастау алды. Бүгінде мұндай комбинаттар Астана, Қарағанды және Орал қалаларында жұмыс істейді. Кәсіби оқумен менталдық даму ерекшеліктері бар жүзден астам жасөспірім мен ересек қамтылған.
Бағдарламаға деген сұранысты ескере отырып, ұйымдастырушылар оны еліміздің басқа өңірлерінде де енгізуді жоспарлап отыр.
Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі