ALGA! жобасы ойын алаңына шықты. Жобаға қатысатын сегіз мектептің үшінші–төртінші сынып оқушылары арасындағы алғашқы достық кездесулері ұйымдастырылды. Бір күн ішінде балалар 12 толыққанды матч өткізіп, шынайы ойын қызуын сезінді.

Жобаны ұйымдастырушы — Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA).

Достық кездесулер «әркім бәрімен» форматы бойынша өтті — ешкім шығарып тасталмады, осылайша барлық қатысушыларға тең ойын уақыты берілді. Жарыстарға шамамен 80 оқушы қатысты.

Көпшілігі үшін бұл алғашқы ресми ойындар болды.

Трибуналарда оларға сыныптастары мен мұғалімдері қолдау көрсетті. Достық сипаттағы кездесулерге қарамастан, ойындар барлық ережелерге сәйкес өтті.

ALGA! жобасының әдіскері және «Шахтёр» футбол клубының жаттықтырушысы Жәнібек Аллабергенов матчтарды мұқият бақылап, оқушылардың дайындық деңгейі мен мұғалімдердің кәсіби шеберлігін жоғары бағалады.
— Денешынықтыру сабақтарында ойын негіздерін жүйелі түрде үйрету нақты нәтижелер береді. Біз өңірде бұқаралық футбол деңгейінің өсіп келе жатқанын көріп отырмыз, ал балалардың болашақта кәсіби спортқа кіру мүмкіндігі зор, — деді Жәнібек Аллабергенов.

ALGA! жобасы Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — мектептегі футболды кеңінен дамыту және балаларда спортқа қызығушылықты ерте жастан қалыптастыру.

Қатысушы мектептердің бір денешынықтыру сабағы толықтай футболға арналған және UEFA стандартына сәйкес әдістемелік материалдар бойынша өткізіледі.

Мұндай жүйе балаларға негізгі дағдыларды: техника, тәртіп және командалық ойынды түсінуді кезең-кезеңімен қалыптастыруға мүмкіндік береді. Достық кездесулер бағдарламаның тиімділігін тексерудің бір жолы.

Көктемде ресми турнир ұйымдастырылып, командалар жүлделі орындар үшін өзара тартысқа түседі.
Дереккөз: gov.kz