Қарағанды облысында отандық өнімді ілгерілету жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Фото: Life09

Қарағанды дүкендерінің сөрелерінде енді отандық тауарлар көбірек орын алмақ. Ынтымақтастық туралы меморандум сауда желілері, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, Қарағанды облысының әкімдігі және ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті арасында жасалды. Келісім отандық өндірісті қолдауға, сауда желілеріндегі жергілікті өнім үлесін арттыруға және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтің айтуынша, өндірушілер сауда желілеріне шығу мәселесі бойынша тұрақты түрде жүгінеді, ал жаңа құжат ынтымақтастықтың ашық әрі түсінікті шарттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде заңнамаға сәйкес сауда нысандарындағы азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың кемінде 30 пайызы «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар отандық өнім болуы тиіс екенін еске салды. Жүргізілген мониторинг жалпы талаптардың сақталатынын көрсетеді, алайда жекелеген санаттар бойынша жергілікті өнім үлесін арттыру әлеуеті бар.

Меморандумға сәйкес, сауда желілері қазақстандық тауарларға кемсітусіз шарттар негізінде сауда алаңдарын ұсынуға және олардың көрнекі түрде ілгерілетілуін қамтамасыз етуге міндеттенеді. Кәсіпкерлер палатасы бизнес ұсыныстарын сүйемелдейді, әкімдік өндірістердің дамуына жәрдемдеседі, ал департамент заңнама талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі