Полиция Қарағанды қаласында оқушыларға құқықтық сауаттылық сабағын өткізді: «Өміріңді заң мен тәртіп аясында жарқын бояулармен бейнеле»

Фото: Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі

Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов «Қолжетімді полиция» бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» идеологиялық тұжырымдамасы аясында №19 жалпы білім беретін мектепке арнайы барды. Сапар барысында ең алдымен білім беру мекемесінің қауіпсіздік инфрақұрылымы тексерілді. Бейнебақылау жүйесінің жұмыс сапасы мен оның Жедел басқару орталығымен ықпалдасуы зерделеніп, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктеріне баса назар аударылды.
Мектептің акт залында 8–11 сынып оқушыларына арналған құқықтық сауаттылық сабағы өтті. Шараға 400-ден астам жасөспірім қатысты. Негмет Исмагулов сала басшыларымен бірге дәріс өткізіп, құқықтық білімнің қоғамдағы әрбір азамат үшін маңыздылығын атап өтті.
Өз сөзінде ол адалдық, жауапкершілік және әділдік қағидаттарының саналы, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудағы айрықша рөліне тоқталды.

— Заңды құрметтеу – бұл өз құқығыңды қорғау ғана емес, әр әрекетіңе жауап беру. Сіздер – елдің ертеңісіздер. Қазақстанның болашағы сіздердің таңдауларыңызға тікелей байланысты, – деді департамент бастығы.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасында жиі кездесетін өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, есірткі қылмыстарының салдары, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі туралы кеңінен түсіндірілді. Қарағанды облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Талғат Мейманов, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Асылбек Абдрахманов және Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин оқушылармен ашық диалог форматында пікір алмасып, нақты тәжірибеден мысалдар келтірді.
Іс-шара интерактивті викторинамен аяқталды. Белсенділік танытқан оқушылар құқықтық мәдениетті арттыруға деген қызығушылығын көрсетіп, заң талаптарын құрметтеудің маңызын терең түсінетінін аңғартты.

Дереккөз: Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі