La Voz de Galicia басылымының хабарлауынша, Испанияның оңтүстігінде Галисия аймағындағы О Вал Миньор алқабында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері мамыр айында өтетін оның туған күніне арналған құттықтау бейнебаянын түсіріп жатыр. Түсірілім жұмыстары Ойе елді мекеніндегі Морейрас фермасында басталған. Кадрларда жылқылар мен қыран құспен аң аулау көріністері көрсетілген. Кейін жобаға қатысушылар О Вал Миньор алқабына барып, киіз үйлер тіккен. Ұйымдастырушылар бұл жерді таңдауды галисиялық және қазақ жылқыларының символикалық ұқсастығымен түсіндіреді: өңір жабайы жылқы табындарымен танымал. Жобаға Испанияның түрлі өңірлерінен шамамен 25 адам қатысып жатыр. Олардың ең үлкені - 72 жаста. Ұйымдастырушылардың бірі, журналист Йоланда Гарсия әншінің Испаниядағы ресми фан-клубының мүшесі. Түсірілімге қатысқан кейбір жанкүйерлер әншінің музыкасы өмірге деген көзқарасын өзгерткенін айтады. Мысалы, Оренсе қаласының 47 жастағы тұрғыны Элизабет Баррера Барселонадағы концерттен кейін қазақ тілін үйрене бастаған. Сондай-ақ, Қазақстанға баруды армандайтынын айтқан.
Қыран құспен аң аулап, киіз үй тіккен: Димаштың Испаниядағы жанкүйерлері бейнебаян түсіріп жатыр
Фото: facebook.com/groups/392934311153485/