Қарағандылық лицей оқушылары физика және биологиядан республикалық олимпиадада үш қола медаль жеңіп алды

gov.kz

Астанада жаратылыстану-математикалық бағыттағы физика және биология пәндері бойынша республикалық олимпиада өтті. Ақтық кезеңге 305 оқушы қатысты. Қарағанды облысының атынан 13 жоғары сынып оқушысы бақ сынады.

Бәсекенің жоғары деңгейі мен тапсырмалардың күрделілігіне қарамастан, қарағандылық оқушылар лайықты нәтиже көрсетіп, үш қола медаль иеленді. 

«Білім-инновация» №1 лицейінің оқушылары Әлихан Жұмағали мен Рауан Әлібек тиісінше биология және физика пәндерінен жүлдегер атанды. Ал «Білім-инновация» №2 лицейінің оқушысы Мәриям Төлеубаева биологиядан тағы бір қола медаль жеңіп алды.

«Білім-инновация» №1 лицейінің биология пәні мұғалімі Жасұлан Әлмағанбетовтің айтуынша, олимпиада тапсырмалары халықаралық деңгейге сәйкес келген.

— Сұрақтар күрделі болғанымен, өте қызықты болды. Олимпиаданың форматы халықаралық биология олимпиадасының стандарттарына сай. Қатысушыларға жасушалық биологиядан бастап биоинформатикаға дейінгі кең ауқымды қамтитын теориялық әрі практикалық тапсырмалар ұсынылды, — деді Жасұлан Әлмағанбетов.

Құрмет грамоталарымен «Мұрагер» мектебінің оқушысы Назерке Жүсіпбекова, Н. Нұрмақов атындағы мектептің оқушысы Әйгерім Саясат және «Білім-инновация» №1 лицейінің оқушысы Расул Мирғалы марапатталды.

Олимпиаданың басты мақсаты — дарынды оқушыларды анықтап, олардың әлеуетін дамыту. Дода қорытындысы бойынша халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысатын ұлттық құрама жасақталады.

Дереккөз: Gov.kz