Қазақстан мектептеріндегі биология пәніне жыныстық сауаттылық модулін енгізу ұсынылды

Фото: Gemini ИИ

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова 7–9-сыныптардың оқу бағдарламасына жыныстық тәрбие бойынша міндетті модульдер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта мектеп оқушыларының биология пәніне қызығушылығы төмендеп, түлектердің ғылыми сауаттылық деңгейі әлсіреп барады. Жаңа модульдер бұл олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізбек.

Ирина Смирнова жасөспірімдер үшін репродуктивті денсаулық, жыныстық жетілу, қауіпсіз мінез-құлық, инфекциялардың алдын алу және жауапты ата-ана болу секілді тақырыптардың маңызы зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар, депутат бұл мәселелердің мектеп қабырғасында тиісті деңгейде қозғалмайтынына алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, бүгінде педагогтардың басым бөлігі жыныстық тәрбие, психикалық денсаулық, сондай-ақ АИТВ (ВИЧ) мен ЖИТС (СПИД) секілді сезімтал тақырыптарды талқылауға әдістемелік тұрғыдан дайын емес.