Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен Жастар ресурстық орталығы «Жасыл Ел» жастар жасағының 22-ші еңбек маусымын бастады.
«Жасыл Ел» жобасы көптеген жылдар бойы жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған ең сұранысқа ие бастамалардың бірі болып келеді. Жобаның негізгі мақсаты — жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және белсенді азаматтық ұстанымды дамыту.
Биылғы жылы жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы 2000 жас қатысады. Еңбек маусымы барысында жасақ сарбаздары Қарағанды қаласындағы саябақтар, скверлер, демалыс аймақтары мен аулаларды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына тартылады. Жұмыс күні ұзақтығы — 4 сағат. Қатысушылардың еңбекақысы — 85 мың теңге.
Аулаларды тазалау және абаттандыру жұмыстарымен қатар, жастар мен қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті дамытуға және «Таза Қазақстан» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған мастер-кластар, тренингтер және тақырыптық кездесулер өткізіледі. Биыл ерекше назар инклюзивті ортаны дамытуға аударылған. Жоба аясында 40 адамнан тұратын инклюзивті еңбек жасағы құрылды.
Барлық қатысушылар еңбек маусымы бойы арнайы жұмыс формасымен қамтамасыз етіледі. Жұмыс уақытының ашықтығы мен тиімді есебін қамтамасыз ету мақсатында QR-код арқылы тіркеу жүйесі енгізілді. Бұл қатысушылардың күнделікті жұмысқа қатысуын тіркеуге және жобаның іске асырылуын бақылауға мүмкіндік береді.
Жаңа еңбек маусымының ашылуына орай 5 маусым күні Қарағанды қаласының Орталық саябағында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт өтеді. Кіру тегін. Концерттің арнайы қонақтары — Қайрат Түнтеков пен Еңлік.