Рейтингке +1000 ұпай! Қарағандылық Алан Құрманғалиев халықаралық турнирде топ жарды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағандылық үстел теннисінің шебері Алан Құрманғалиев Швецияның Хельсингборг қаласында өткен WTT Youth Contender Helsingborg халықаралық турнирінде сәтті өнер көрсетті. Ол 25 елден келген спортшылар қатысқан беделді жарыста чемпион атанып, жастар арасындағы әлемдік рейтинг қоржынына 1000 ұпай қосты.

Алан Құрманғалиев U19 жас санатында бақ сынады. Қарағандылық спортшы Швеция, Мажарстан, Үндістан, Польша және Дания елдерінің өкілдерінен басым түсті. Жеті жеңісінің үшеуін қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, айқын басымдықпен аяқтады.

Спортшыны Эльмира Әлиева мен Тоқтамыс Хасенов жаттықтырады.

Белгілі болғандай, Алан Құрманғалиев қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысады. Ол енді ұлттық құрамаға үміткер ретінде емес, негізгі құрамның мүшесі ретінде жолдама алды.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша