Қарағанды облысында жол-көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл өңірде шамамен 500 шақырым автожол, сондай-ақ төрт көпір мен бір жол өткелін жөндеу және реконструкциялау жоспарланған.

Жол-құрылыс маусымының барысы аппараттық кеңесте қаралды.
Қазіргі таңда Есіл және Шерубай-Нұра өзендері арқылы өтетін көпірлерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Шилі және Шат өзендеріндегі көпірлерді жөндеуге дайындық кезеңі басталған. Бұдан бөлек, Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті тасжолындағы теміржол үстінен өтетін жол өткелі жаңартылуда.
Ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Саран мен Шахтинск қалаларын байланыстыратын 19 шақырымдық автожолды күрделі жөндеу. Қазіргі уақытта оның 16 шақырымында асфальтбетон жабынының үш қабаты толық төселген. Қалған бөлігін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Шахан – Жаңаталап бағытындағы автожолдың реконструкциясы да жалғасуда. Бес шақырымдық учаскеде жол негізі мен жабындысы толық жаңартылуда. Жоба осы жылдың ішінде аяқталмақ.

Маусым барысында облыстық маңызы бар жолдардың 13 учаскесінде жалпы ұзындығы 84 шақырымды қамтитын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
— Барлық нысандарда қалыңдығы 11 сантиметр болатын күшейтілген екі қабатты асфальтбетон жабыны қолданылуда. Бұл шешім жолдардың ауыр жүктемеге төтеп беру қабілетін арттырып, олардың қызмет ету мерзімін айтарлықтай ұзартады, — деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Мұқашев.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың үш елді мекенінде кентішілік жолдар жөнделеді. Сонымен қатар, Саран қаласының индустриялық аймағы үшін Қарағанды – Астана республикалық тасжолына шығатын 21 шақырымдық жолды реконструкциялау жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта оны жеке инвестициялар тарту арқылы жүзеге асыру тетіктері қарастырылуда.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстар да қатар жүргізілуде. Шахтинск – Есенгелді учаскесінде қар тоқтатқыш қоршаулар орнатылып жатыр. Ал Қарағанды – Шахтинск тасжолында автоматты түрде салмақты бақылау жүйесін және орташа жылдамдықты тіркеу камераларын енгізу жоспарлануда.
Жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Үштөбе кентіндегі жаңа мектеп маңында шақыру батырмасы бар бағдаршам орнатылады. Ал Қарағанды – Шахтинск трассасындағы «Хлебзавод» аялдамасы тұсында қозғалыс датчиктерімен жабдықталған жарықтандырылған жаяу жүргіншілер өткелі іске қосылған.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының облыстық филиалының мәліметінше, биыл республикалық маңызы бар жолдардың тоғыз учаскесінде жалпы ұзындығы 280 шақырымды қамтитын орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұдан бөлек, Ақшатау – Ағадыр бағытындағы 95 шақырымдық жол учаскесіне күрделі жөндеу жүргізу жобасы әзірленуде.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жол саласындағы басты басымдықтар ретінде сапа мен мерзімнің қатаң сақталуын атап өтті.
— Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстардың ауқымы айтарлықтай. Барлық кезеңде белгіленген кесте қатаң сақталып, атқарылатын жұмыстардың сапасы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Нысандар тек Жол активтері ұлттық сапа орталығының оң қорытындысынан кейін ғана пайдалануға берілгені жөн, — деді өңір басшысы.