Интернет-алаяқтардың кесірінен Қарағанды облысының тұрғындары 2 миллиардқа жуық теңгесінен айырылды

Фото: Life09

2026 жылдың басынан бері Қарағанды облысының тұрғындары интернет-алаяқтардың құрығына түсіп, 2 миллиард теңгеге жуық қаражатынан айырылды. Мұндай қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға азайғанымен, қылмыстық схемаларға қатысушылар - дропперлердің қатары көбейіп отыр.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері өңірде дропперліктің 44 жағдайы тіркелген. Құқық қорғау органдары өзгенің атына банк картасын немесе шотты беріп жіберу тек қаржылық шығынға ғана емес, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілікке де әкеп соғатынын ескертеді.
Алаяқтық схеманың қатысушысы атану білместіктен де болуы мүмкін. Мысалы, егер банк картаңызға беймәлім тұлғадан ақша аударылып, кейін сізден ол қаражатты басқа деректемелерге (реквизиттерге) қайтаруды өтінсе, бұл - қауіптің белгісі. Мұндай өтінішті орындау арқылы адам байқаусызда қылмыстық схемаға тартылып кетуі әбден мүмкін.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, қазірдің өзінде дропперлік фактілері бойынша 13 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл ретте жаза түрі адамның қылмыстан қаншалықты хабардар болғанына және оған қатысу деңгейіне байланысты - ірі көлемдегі айыппұлдан бастап, мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады.
Жыл басынан бері аймақта жалпы алғанда 762 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Көбіне қылмыскерлер өздерін банк, құқық қорғау органдары, медициналық мекеме немесе курьерлік қызмет қызметкері ретінде таныстырады. Осындай айла-тәсілдерге қатысты 324 қылмыс жасалған. Тағы 314 тұрғын инвестиция арқылы тез табыс табу туралы уәделерге сеніп, ақшасынан айырылған.
Тәртіп сақшылары ескертеді: алаяқтар алдау сценарийлерін үнемі өзгертіп отырады, алайда олардың басты мақсаты өзгеріссіз қалады - ол адамды қысым астында және асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлеу. Сондықтан мамандар тұрғындарды қырағы болуға, ешкімге банк картасының мәліметтерін бермеуге және бейтаныс жандардың өтініші бойынша күмәнді қаржылық операцияларды жасамауға шақырады.