Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен Қарқаралы ауданының әкімі болып Саят Мусин тағайындалды.

Осыған дейін ол аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Жаңа әкімді аудан активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Өңір басшысы Саят Мусиннің жоғары кәсіби біліктілігі мен мол басқарушылық тәжірибесін атап өтіп, ауданға жетекшілік ету үшін барлық қажетті қасиеттерге ие екенін айтты. Сондай-ақ жаңа әкімге бірқатар нақты міндет жүктеді.

– Бүгінде ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қарқаралының туристік әлеуетін арттырудың маңызы зор. Сондықтан басталған жобалардың сабақтастығын сақтап, олардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Аудан активімен бірлесе отырып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып, жақсы нәтижелерге қол жеткізесіз деп сенемін. Сізге жемісті еңбек, ел сеніміне ие болып, тұрғындардың құрметі мен қолдауына бөленуіңізді тілеймін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Саят Мусин еңбек жолын ветеринария саласында бастап, Орталық ветеринариялық зертхананың дәрігер-радиологы қызметінен облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасарына дейінгі еңбек жолынан өтті.
2015 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді. Әр жылдары Абай ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
2025 жылдың сәуір айынан бастап осы тағайындауға дейін Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары болды.
