МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ӨСУ ЖӘНЕ МЕРИТОКРАТИЯ ҚАҒИДАТЫ

Фото: Life09

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру еліміздің тұрақты дамуының маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік аппараттың тиімділігі қызметкерлердің кәсібилігіне, адалдығына және жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметте мансаптық өсуді қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі – меритократия қағидаты.

Меритократия қағидаты – Қазақстан Республикасы азаматтарын мемлекеттік қызметке іріктеу және олардың қызметтік өсуі кәсіби құзыреттеріне, лауазымдық міндеттерді орындау тиімділігіне, сондай-ақ белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігіне негізделетін қағидат. Бұл қағидат мемлекеттік қызметте әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етіп, әрбір азаматқа өзінің білімі мен қабілетін көрсетуге тең мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметте мансаптық өсу кездейсоқ факторларға немесе жеке таныстыққа емес, қызметкердің кәсіби құзыреттілігіне, еңбек нәтижесіне
және қызметтік жетістіктеріне негізделуі тиіс. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметшілерді өз білімін үздіксіз жетілдіруге, жаңа дағдыларды меңгеруге
және жұмыс тиімділігін арттыруға ынталандырады. Сонымен қатар, меритократия мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Бұл ретте, Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында кадр саясатын жетілдіруге, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға және мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға басымдық берілген.

Тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттік қызметті кәсібилендіру гибридті кадрлық модельге көшу арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл модель меритократия қағидатын толық іске асыруға, жоғары білікті мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Гибридті модель жаңа кадрларды тартумен қатар, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген қызметкерлердің кәсіби дамуы мен мансаптық өсуіне де ерекше мән береді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттері, еңбек нәтижелері және мемлекеттік орган қызметінің тиімділігіне қосқан үлесі олардың мансаптық ілгерілеуінің негізгі өлшеміне айналады.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның қабылдануы. Заң мемлекеттік қызметтің сервистік моделін дамытуға, кадрлық процестерді толық цифрландыруға, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және меритократия қағидатын одан әрі нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерінің цифрлық форматқа көшуі конкурстық іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін күшейтіп, адами фактордың ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа тәсілдер аясында мемлекеттік қызметшілердің қызмет нәтижелерін бағалау жүйесі жетілдіріліп, көлденең мансаптық өсу тетіктері енгізілуде. Бұл қызметкерлерге жоғары лауазымға ауыспай-ақ, кәсіби құзыреттерін дамытып, өз саласының білікті маманы ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, меритократия қағидаты мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен кәсібилігін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі болып табылады. Қызметкерлердің біліміне, кәсіби құзыреттеріне және еңбек нәтижелеріне негізделген мансаптық өсу жүйесі мемлекеттік басқару сапасын жақсартып, мемлекеттік аппараттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

МҚІА Қарағанды облысы

бойынша департаменті

Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы

С. Амангельдинова