Қарағанды облысында ауылдық елді мекендерді дамыту жұмыстары жалғасуда. Тіпті шағын әрі шалғай ауылдардың өзінде тұрғындардың тұрмысын жайлы етуге бағытталған заманауи инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр.
Соның бір мысалы – Бұқар жырау ауданындағы Ақжар ауылы. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында мұнда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылды.
Ең маңызды жаңалықтың бірі – ауылдың орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылуы. Осы мақсатта ұзындығы жеті шақырым су құбыры желісі тартылып, су мұнарасы салынды, су тарту құрылыстарының алаңы жабдықталып, екі ұңғыма бұрғыланды.
Бүгінде ауылдағы 345 тұрғын тұратын 52 үйдің барлығы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар ауылға кіреберіс бес шақырым жол жөнделді. Мамандар жол бойын тегістеп, жол төсемінің негізін дайындады, су өткізгіш құбырлар орнатты, асфальтбетон жабынын төсеп, жол белгілерін салды.
Атқарылған жұмыстардың сапасы Ұлттық жол активтері сапасы орталығының зертханалық сынақтарымен расталды. Тексеру нәтижесінде асфальтбетон жабынының қолданыстағы нормативтік талаптарға толық сәйкес келетіні анықталды.
Бұдан бөлек, Ақжар ауылында жаңа көше жарығы орнатылып, тұрғындардың түнгі уақытта қауіпсіздігі мен жайлылығы артты.
Балалар үшін заманауи ойын алаңы жабдықталды.
Ал жергілікті мал өсірушілер үшін мал ұстайтын арнайы мал тоғыту алаңы салынды.
Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі