Ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілді

Фото: Life09

Шілденің шіліңгір ыстығына байланысты Қарағанды облысында ауыр салмақты көліктерге қатысты маусымдық шектеулердің сақталуына бақылау күшейтілді. Автомобиль жолдарымен көлік құралдарының қозғалысын тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларына сәйкес, 1 маусым мен 15 тамыз аралығында ауа температурасы +25 °C-тан жоғары болған жағдайда сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін дара оське түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын көлік құралдарының қозғалысына тыйым салынады.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалы мамандарының айтуынша мұндай аптап ыстықта афальт жабындысы ауыр жүк көліктерінің табанында жаншылып қалады. Жолдарды сақтау, жол жабынының мерзімінен бұрын бүлінуіне жол бермеу және жоғары температура жағдайында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шектеулер енгізілген.


Сонымен қатар бұл тыйым халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралдарына, жолаушылар тасымалына, тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін, қауіпті жүктерді, гуманитарлық көмекті, әскери жүктерді тасымалдайтын көліктерге, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жоюға және реконструкция жүргізіліп жатқан жол учаскелеріндегі жол-құрылыс жұмыстарына тартылған техникаға қолданылмайды.
Қарағанды облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, маусымдық шектеулер енгізілгеннен бері 39 жүк автокөлігі уақытша тұраққа қойылды. Ауа температурасы төмендегеннен кейін немесе шектеулердің қолданылу мерзімі аяқталған соң тасымалдаушыларға қозғалысты жалғастыруға рұқсат берілді.