Құрылтай депутаттарын сайлау – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Бұл сайлау азаматтардың ел басқару үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамның түрлі топтарының мүддесін білдіретін өкілдерді қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, халық пен мемлекеттік институттар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық қатысудың жаңа мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Облыста сайлауға дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сайлау учаскелерін әзірлеу, комиссия мүшелерін оқыту, тұрғындарды ақпараттандыру және азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау процесінің барлық кезеңі заң талаптарына сай ұйымдастырылып, оның ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз етуге басымдық берілген.
23 шілде күні сағат 18:00-де саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады. Биылғы сайлауға жеті саяси партия қатысады. Олар сайлаушыларға өз бағдарламаларын ұсынып, ел дамуына қатысты ұстанымдарын таныстырады. Үгіт-насихат кезеңі 21 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 22 тамыз – тыныштық күні. Ал Құрылтай депутаттарын сайлау 23 тамызда өтеді. Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі.
Дауыс беруге заң талаптарына сәйкес, 18 жасқа толған және сайлаушылар тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.
Облыста сайлауды ұйымдастыру үшін 653 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 14 аумақтық және 639 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Комиссиялардың құрамында 4429 адам қызмет атқарады. Сонымен қатар жаңадан сайланған мүшелер үшін арнайы оқыту жұмыстары ұйымдастырылып, дауыс беру күні туындауы мүмкін жағдайлар пысықталуда.
Өңірде барлығы 639 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Барлық учаске қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, азаматтарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Облыстық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, 20 маусымдағы жағдай бойынша «Сайлау» ақпараттық жүйесінде 758 141 сайлаушы тіркелген.
Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында «Құрылтай – 2026» арнайы бөлімі жұмыс істейді. Онда сайлау заңнамасы, күнтізбелік жоспар, сайлау учаскелері және байқаушыларға арналған ақпарат орналастырылған.
Дауыс беру күні сайлау барысын 6 мыңнан астам адам бақылайды. Олардың қатарында сайлау комиссияларының мүшелері мен қоғамдық байқаушылар бар. Сонымен қатар тұрғындарға сайлау учаскесін анықтауға арналған онлайн сервистер, call-орталықтар және өзге де цифрлық қызметтер қолжетімді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылған. Сайлау учаскелерінің басым бөлігі пандустармен, тактильді бағыттағыштармен, шақыру батырмаларымен және басқа да қажетті құралдармен жабдықталған.
Құрылтай депутаттарын сайлау – азаматтардың ел болашағын айқындауға қатысуына мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық-саяси науқан. Әр азаматтың өз таңдауын еркін жасауы – демократиялық қоғамның басты қағидаларының бірі.
Дереккөз: «Ortalyq Qazaqstan» сайтынан.