БАӘ спортшылары Қарағандыға джиу-джитсудан оқу-жаттығу жиынына келді

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарағанды облысында джиу-джитсудан халықаралық оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Қазақстандық шеберлердің тәжірибесін меңгеру мақсатында Қарағандыға Біріккен Араб Әмірліктерінен спортшылар келді. Бірлескен жаттығулар OA JJ академиясының базасында ұйымдастырылып, 1 тамызда Әбу-Дабиде басталатын әлем чемпионатына дайындықтың бір бөлігіне айналды.

Делегация құрамында 15 спортшы, төрт бразилиялық жаттықтырушы, сондай-ақ Әбу-Дабидегі Hamdan Bin Zayed School мектебінің жеті өкілі бар. Олардың қатарында директордың орынбасары, дене шынықтыру пәнінің оқытушылары және БАӘ-нің білім беру мен спорт министрліктерінің қызметкерлері бар.

Жаттығулармен қатар тараптар БАӘ Білім министрлігі мен Қарағанды облысының джиу-джитсу федерациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесін талқылауда. Құжат бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, білім беру жобаларын жүзеге асыруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

– Мұндай ынтымақтастық біздің спортшылар үшін өте маңызды. Қарағандының джиу-джитсу мектебі үздіксіз дамып келеді және бүгінде жасөспірімдер спорты бойынша әлемдегі жетекші мектептердің бірі саналады. Сондықтан шетелдік спортшылар бізге тәжірибе алмасып, бірге жаттығу үшін келеді. Мұндай өзара ықпалдастық екі тарапқа да пайдалы, – деді Қарағанды облысының джиу-джитсу федерациясының президенті Аян Шермағанбетов.

Біріккен Араб Әмірліктерінде джиу-джитсу мектептің міндетті оқу бағдарламасына енгізілген. Балалар тұрақты түрде жаттығып, емтихан тапсырады. Әбу-Даби шейхінің қамқорлығындағы Hamdan Bin Zayed School Қазақстанға осындай оқу сапарын ұйымдастырған елдегі алғашқы білім беру мекемесі болды.

Джиу-джитсудан қара белбеу иегері әрі жаттықтырушы Хуго Масиэлдің айтуынша, Әмірліктерде қазақстандық спортшылардың жетістіктерін көптен бері бақылап келеді.

– Соңғы сегіз-тоғыз жыл бойы Қазақстандағы джиу-джитсудың дамуын жіті қадағалап келеміз. Сіздердің спортшыларыңыз ірі халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Сондықтан жаттығу процесінің қалай ұйымдастырылатынын өз көзімізбен көргіміз келді. Қазақстандық әдістемені, тік тұрып күресу мен партердегі дайындық ерекшеліктерін зерттеп, өз шәкірттерімізді сіздердің спортқа деген көзқарастарыңызбен таныстырғымыз келеді. Қазақстандық спортшылардың тәртіпті, еңбекқор әрі жігерлі екеніне көз жеткіздік. Біздің спортшылардың да сондай болғанын қалаймыз, – деді қара белбеу иегері.

Оқу-жаттығу жиынына қатысушылардың қатарында жақында Азия чемпионы атанған қарағандылық Ариана Байсеркеева да бар. Қазір ол әлем чемпионатына дайындалып жатыр.

– Бірнеше күннен бері бірге жаттығып жүрміз және бұл өте пайдалы тәжірибе болды. Жаттықтырушылар жаңа техникалық әдіс-тәсілдерді көрсетіп, біз оларды бірден белдесулерде қолданып көреміз. Осындай бірлескен жаттығулар көп нәрсені үйренуге және шеберлікті шыңдауға көмектеседі, – деді спортшы.

Ал 19 қыркүйекте Жапонияда жазғы Азия ойындары басталады. 

Осы жарыста Қазақстан құрамасы сапында Қарағанды облысының намысын джиу-джитсудан Ажар Салықова қорғайды.