Павлодарда 83 мыңнан астам жүргізуші жол ережесін бұзған

Фото: Gemini ИИ

Павлодар облысында жыл басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 83 092 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі baq.kz-ке сілтеме жасап. 

Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жылдамдық режимін сақтамау. Осыған байланысты облыс жолдарында күн сайын рейдтер жүргізіліп, ереже бұзған жүргізушілер анықталып жатыр.

Павлодар облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмадьяновтың айтуынша, жол ережесін елемеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мұндай әрекеттер жаяу жүргіншіні қағып кету немесе көліктердің соқтығысуына себеп болуы ықтимал.

Мәселен, Павлодар қаласында Toyota көлігінің жүргізушісі сары бағдаршамның тыйым салу сигналына өтіп кеткені үшін тоқтатылса, М. Жүсіп көшесінде KIA жүргізушісі де жол қозғалысы талаптарын бұзған. Екі жүргізушіге де әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелері мен белгіленген жылдамдықты қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік әрбір қатысушының ортақ жауапкершілігі екенін еске салды.