TARTYLU FEST Қарқаралы ауданында түрлі жастағы спортшыларды біріктірді

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарқаралы ауданында Спорт күніне орай ерлер арасында кермеге тартылудан аудандық TARTYLU FEST жарысы өтті. Байрақты бәсекеге Қарағанды қаласы, Абай және Қарқаралы аудандарынан 10-нан 60 жасқа дейінгі 40-қа жуық қатысушы жиналды.

Жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыруды кеңінен дәріптеу және жастардың тұрақты түрде спортпен шұғылдануға деген қызығушылығын арттыру.

Жарыстың жарқын қатысушыларының әрі жеңімпаздарының бірі – Татан ауылының тұрғыны Бақытлек Мираш. 18–35 жас аралығындағы қатысушылар арасында ол кермеге 31 рет тартылып, сенімді түрде бірінші орынға ие болды. Бақытлек Мираш үшін бұл жеңістің маңызы ерекше – ол өз жас санатында екінші жыл қатарынан үздік атанып отыр.

— Биыл жарысқа екінші рет қатысып отырмын. Екінші жыл қатарынан жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Мұндай спорттық іс-шаралар жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен тұрақты түрде шұғылдануға шақырамын. Баршаңызға зор денсаулық пен мықты рух тілеймін! – дейді Бақытлек Мираш.

14–17 жас аралығындағы қатысушылар арасында барлық жүлделі орындарды Абай ауданының жас спортшылары иеленді. Ал аға буын өкілдері спорттың жас талғамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. 

49–60 жас санатында Мирхат Жұмаділов, Мырзабек Мұхтаров және Бауыржан Қабышев 22-ден 25-ке дейін тартылып, жоғары нәтиже көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

TARTYLU FEST күш пен төзімділікті сынайтын жарыс қана емес, түрлі жастағы адамдарды бір арнаға тоғыстырған нағыз спорт мерекесіне айналды.

Фото Қарқаралы ауданы әкімдігінен