Қарағанды облысының Ұғар және Қоянды ауылдық округтері аумағындағы, Матақ және Жайма ауылдары маңындағы жетуі қиын жерлерде болған өрттерді сөндіруге ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» су төгетін құрылғымен жабдықталған тікұшағы жұмылдырылды. Өрт ошақтарына 4 рет су төгілді.
Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі уақытта Матақ ауылындағы өрт оқшауланды. Өртті сөндіру жұмыстарына жер бедерінің күрделілігі мен қатты екпінді жел кедергі келтіруде.
Оқиға орнында ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар мен өзге де өзара іс-қимыл жасайтын қызметтердің күштері мен құралдары жұмыс істеуде. Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында. Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.
Қарқаралы ауданындағы Матақ ауылында өрт оқшауланды
Сурет: ТЖМ