Балқаш қаласында орналасқан №205 Құрылтай учаскесіне Әділбаевтар әулеті де келіп, өз таңдауларын жасады. Бір әулеттің бірнеше буынын металлургия саласы тоғыстырған бұл отбасы үшін еңбек – өмірдің басты өлшемі, ал елдік мәселеге үн қосу – азаматтық парыз.
Әулеттің үлкені, 76 жастағы Кенжеғұл Әділбаев – саналы ғұмырының 47 жылын еңбекке арнаған ардагер. Еңбек жолын Атырау қаласында мұнай саласынан бастаған ол 1974 жылы Балқаш қаласындағы мыс зауытына келіп, металлургия цехында стропальщик болып жұмыс істеді. Қырық жыл бойы мыс өндірісінің ыстығы мен суығына төзіп, адал еңбегімен абырой тапқан Кенжеғұл ақсақал сол кәсіпорыннан зейнетке шықты. Еңбекқор әке өмірлік жолдасы екеуі екі ұл тәрбиелеп, азамат қатарына қосты. Бүгінде Әділбаевтар әулетінде ата жолын, әке жолын жалғаған ұрпақтың еңбек дәстүрі сабақтасып жатыр. – Біздің әулет үшін еңбек әрқашан ең үлкен тәрбие мектебі болды. Өзімнің де бар ғұмырым маңдай термен өтті. Балаларымның, немерелерімнің де адал еңбектен нәсіп тауып жүргенін көргенде көңілім марқаяды. Ел болашағына қатысты маңызды сәтте әр азамат өз таңдауын жасап, жауапкершілігін сезінуі керек. Біз де осы ниетпен, әулет болып келіп, дауыс бердік. Бірлігіміз бекем, еліміздің ертеңі жарқын болсын, – деді Кенжеғұл ақсақал. Кенжеғұл ақсақалдың үлкен ұлы Сүндетқали Әділбаев та бір кездері Балқаш мыс зауытында еңбек еткен. Бүгінде үш баланың әкесі Астана қаласында тұрады. Ал, кіші ұлы Руслан Әділбаев әке жолын берік жалғап келеді. Ол 1996 жылдан бері Балқаш мыс зауытының, мыс балқыту цехында табан аудармай еңбек етіп жүр. Биыл біркәсіпорында үздіксіз жұмыс істеп келе жатқанына – 30 жыл. Екі баланың әкесі Руслан үшін әке өнегесі мен туған қаладағы металлургия өндірісі – өмір жолының ажырамас бөлігі. Русланның жары Гүлжазира Балқаш аудандық пайдалану бөлімінде, әскери бөлімде құрылыс-жөндеу шебері болып еңбек етеді. Отбасының қызы Акерке Қарағанды қаласындағы политехникалық университеттің 4-курс студенті. Болашақ сәулетші архитектура саласында білім алып жүр. Әулеттің жас буыны да ата мен әке дәстүрінен алыстаған жоқ. Русланның ұлы Әділ Кенжеғұл 2025 жылдың ақпан айынан бастап «Қазақмыс Смэлтинг» Балқаш мыс зауытында еңбек жолын бастады. Осылайша, бір шаңырақтың бірнеше буыны Балқаштың басты өндірісімен тағдырын тоғыстырып, еңбек сабақтастығын жалғастырып отыр.
Нұрдос КӘРІМ «Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ
Автор: Нұрдос КӘРІМ