Балқаштың туристік келбетіне айналған жолбарыс та дауыс берді

Сурет автордан

Балқаш қаласындағы №195 Құрылтай сайлау учаскесінде бүгін ерекше көрініс орын алды. Дауыс беруге жолбарыс кейпіндегі азамат келіп, көпшіліктің назарын аударды.

Бұл – жай ғана қызықты образ емес, Балқаштың туристік келбетіне айналып келе жатқан ерекше нышанның бірі. Қалада өтетін «Балқаш Tour Fest» туристік фестивалінің басты символы ретінде жолбарыс бейнесі кеңінен таныла бастады. Балқаш көлінің жағасына Амур жолбарысын жерсіндіру, өсіру жөніндегі бастамалар да бұл бейнеге өзгеше мән беріп отыр.

Сайлау учаскесіне жолбарыс киімін киіп келген азамат тұрғындарды маңызды саяси науқаннан шет қалмауға, өз таңдауын жасауға шақырды. Оның ерекше келбеті учаскеге келген жұрттың көңілін көтеріп қана қоймай, мерекелік көңіл күй сыйлады.

– Құрылтай сайлауы – ел болашағына қатысты маңызды таңдау. Сондықтан, әрбір азамат белсенділік танытып, дауыс беруге атсалысуы керек. Мен де барша балқаштықтарды сайлауға қатысуға шақырамын! – деді жолбарыс кейпіндегі азамат.

Осылайша, №195 сайлау учаскесіндегі ерекше қонақ Құрылтай сайлауына өзіндік бояу берді. Балқаштың басты туристік нышанына айналып келе жатқан жолбарыс бұл күні де елді бірлікке, белсенділікке және ортақ таңдауға үндеді.

Нұрдос КӘРІМ

Ortalyq.kz

БАЛҚАШ