«Ауыл құтқарушылары»: Қарағанды облысының шалғай ауылдарында өрт сөндіру бекеттері ашылды

Суреттер: Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті

Қарағанды облысында шалғай елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жалғасып жатыр. 

Ақтоғай ауданының Нұркен және Шет ауданының Нұраталды ауылдарында жаңа ерікті өртке қарсы «Ауыл құтқарушылары» жасақтары жұмысын бастады.

Нұркен ауылындағы өртке қарсы бекет бес елді мекеннің — Нұркен, Жидебай, Ақсеңгір, Жалаңтөс және Қаратал тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

Оның қызмет көрсету аймағында 513 адам тұрады.

Жеке құрамның қызмет атқаруына қажетті жағдайлар жасалып, бөлімше өрт сөндіру техникасымен, байланыс құралдарымен, өрт-техникалық жарақтармен және жауынгерлік киіммен жабдықталған.

Шет ауданының Нұраталды ауылында да тағы бір ерікті өртке қарсы бекет жұмысын бастады. Ол Қошқарбай ауылдық округінің төрт елді мекеніне — Қошқарбай, Ақсу, Қызылқой және Шопа ауылдарына қызмет көрсетіп, бір жарым мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жаңа бөлімше қажетті техника және құрал-жабдықтармен толық жасақталған.

Бекеттердің ашылу рәсіміне Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. 

Мұндай бекеттердің құрылуы шалғай елді мекендердің тұрғындары үшін айрықша маңызға ие. Олардың жұмысы оқиға орнына мамандардың жету уақытын қысқартуға, өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыруға, сондай-ақ халыққа уақтылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстанда «Ауыл құтқарушылары» атты 244 жасақ құрылды. Олар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін күшейтуге өз үлесін қосып келеді.

Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша