Бүгін Ұлы Отан соғысының ардагері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Сұңғат Смағұлұлы Саттығұлов 104 жасында дүниеден өтті.
Сұңғат Смағұлұлы 1923 жылғы 1 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 18 жасында әскер қатарына шақырылып, 1942 жылғы маусым айынан бастап Сталинград шайқасына қатысты. 1943 жылы майданда жараланып, госпитальда емделген. Емделіп шыққаннан кейін 1944 жылы қайтадан майданға оралып, Жеңісті жақындатуға өз үлесін қосты. 1947 жылы әскери қызметтен босатылған соң Алматы облысындағы Шамалған құрылыс техникумында білім алды. Техникумды тәмамдағаннан кейін ауылдық құрылыс саласында шебер-бригадир болып еңбек етті. Кейін Солтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп нысандарының құрылыс жұмыстарына атсалысты. 1956 жылы Сұңғат Смағұлұлы Қарағанды қаласына қоныс аударып, еңбек жолын осы өңірде жалғастырды. Майдандағы ерлігі мен Отан алдындағы еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған.