Бүгінде Қарағанды облысының спортшылары Азия ойындарында сегіз қола медаль иеленді. Жүлдегерлер қатарында ММА, семсерлесу, жеңіл атлетика, ескек есу, батутта секіру және көркем жүзу өкілдері бар.

Қарағанды облысы үшін аралас жекпе-жектен (ММА) алғашқы медальдің алынуы тарихи жетістік болды. Оны қарағандылық ММА спортшысы Санжар Әділов жеңіп алды. ММА жазғы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілгендіктен, спортшы құрлықтық додада осы спорт түрінен жүлде алған алғашқы қазақстандықтардың бірі атанды.

Артем Саркисян Қазақстан құрамасына екі қола медаль сыйлады. Қарағандылық семсерлесуші «сабля» дисциплинасында жеке жарыста да, командалық есепте де жүлдегер атанды.

Өңір қоржынына тағы бір медальді жеңіл атлет Алина Чистякова салды. Ол жетісайыста үшінші орынға ие болды.

Теміртау қаласының спортшысы Дмитрий Холмогоров та сәтті өнер көрсетті.

Байдаркамен 500 метр қашықтыққа жүруден финалдық жарыста ол мәреге үшінші болып келіп, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Батутта секіруден Қарағанды облысының өкілі Ерлан Тасмағамбетов қола медаль жеңіп алды. Суперфиналда ол 54,69 ұпай жинап, Қытайдың екі спортшысына есе жіберді.

Қазақстан құрамасы көркем жүзуден екі қола медаль иеленді. Жұптық жарыста Наргиза Болатова мен Ясмин Туякова техникалық және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 565,7326 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Бірінші орынды 640,3576 ұпаймен Қытай дуэті, екінші орынды 601,3576 ұпаймен Жапония спортшылары иеленді.
Қазақстан құрамасы екінші медальді аралас командалар арасындағы жарыста жеңіп алды. Қазақстан құрамасы 216,7961 ұпай жинады. Алтын медаль 299,2117 ұпаймен Қытай командасына, күміс жүлде 286,2688 ұпаймен Жапония құрамасына бұйырды.
Қазақстан командасының құрамында Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Айгерим Құрманғалиева, Карина Магрупова, Ксения Макарова, Анна Павлецова, Валерия Столбунова, Ясмин Тұяқова, Даяна Жаманшалова және Жаклин Якимова өнер көрсетті.
Осылайша, Қарағанды облысының спортшылары Қазақстан құрамасының медаль қоржынына сегіз қола жүлде қосты.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше