JOLSAPA мен жапониялық Aero Toyota Corporation жол диагностикасын цифрландыру бағытында ынтымақтастық орнатады

Фото: Life09

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жапонияның Aero Toyota Corporation компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстандағы жол инфрақұрылымын тексеру саласында Mobile Mapping System (MMS) мобильді картографиялау жүйесін қолдану мүмкіндіктерін зерделеуді көздейді.

 

Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – автомобиль жолдарын диагностикалау тәсілдерін жетілдіру, цифрлық технологияларды дамыту және жол инфрақұрылымын зерттеу саласындағы халықаралық тәжірибе алмасу.

 

Меморандум аясында жапондық Aero Toyota Corporation компаниясы Ұлттық орталыққа консультациялық қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, MMS мобильді картографиялау жүйесін Орталықтың қызметіне ықтимал енгізу бойынша әдіснама мен техникалық талаптарды қамтитын егжей-тегжейлі ұсыныс әзірлеу жоспарланып отыр.

 

Бірлескен жұмыс барысында тараптар қажетті ақпаратпен алмасып, консультациялар жүргізеді. Сондай-ақ қажет болған жағдайда жүйенің мүмкіндіктерін көрсету жұмыстары ұйымдастырылады.

 

Бұдан бөлек, жол инфрақұрылымын тексеру және цифрландыру саласындағы озық тәжірибелермен алмасуға ерекше назар аударылады.

 

Консультациялық жұмыстардың қорытындысы бойынша Aero Toyota Corporation Ұлттық орталыққа жүйені қолдану әдіснамасы мен техникалық сипаттамалары жөнінде ұсыныстары бар толық есеп ұсынады. Бұл материалдар MMS жүйесін одан әрі енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға негіз болады.

 

Сонымен қатар тараптар жол-құрылыс материалдарын қолдану сапасын арттыру, автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп-ұстау мәдениетін жетілдіру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуді көздейді. Сондай-ақ жолдарды мониторингтеу, диагностикалау және паспорттау бойынша цифрлық технологияларды дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне басымдық беріледі.