"Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 12 миллиард теңгеден аса қаражат түскен, - деп хабарлайды saryarqanews.kz тілшісі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қор мәліметінше, 17 қаңтарда таңертең заңды тұлғалардан 12,36 миллиард теңге түскен.
"Kaspi Bank және оның құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 10 миллиард теңге көлемінде қомақты үлес қосты. Сондай-ақ, "Халық" қайырымдылық қорынан екі миллиард теңге түсті. Степногор тау-кен-химия комбинаты 350 млн теңге аударды" - деп мәлімдеді қор өкілі.
Сонымен қатар, қоғамдық қорға ерікті ретінде 6519 қазақстандық ақша аударған. Қазір оның жалпы сомасы 10,1 миллион теңгеден асады.
"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салаларындағы нақты мәселелерді шешу жөніндегі бастамасын қолдаған қазақстандықтарға, ірі кәсіпорындарға, еңбек ұжымдарына алғыс білдіреді.
Премьер-министр Әлихан Смайыловқа және оның кеңсесінің, Президент әкімшілігінің және басқа да мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметкерлеріне бір күндік жалақысын аудару арқылы қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз", - деді қор өкілі.
Қор басшылығы барлық қаржының ашықтығы мен есеппен жұмсалуы қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. Ақша "Қазақстан халқының игілігі үшін, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім, мәдениет және спорт мәселелерін шешуге" бағытталатыны айтылды.