Енді қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын ипотекалық несиені өтеуге пайдалана алады. Тиісті жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қазіргі уақытта қоғамдық талқылауға ұсынылды. Құжатта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражатын несиенің негізгі қарызын өтеуге, ай сайынғы төлемді азайтуға және несие мерзімін қысқартуға пайдалану тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ жоғарыда көрсетілген мақсаттарға жұмсалған зейнетақы төлемдерінен жаңа Салық кодексі бойынша жеке табыс салығы алынбайды.
Сала мамандарының айтуынша, жаңа бастама азаматтардың қарыз жүктемесін азайтып, ипотекалық бағдарламаларды қолжетімді ете түспек.
Жеті жылдық тәжірибесі бар ипотекалық брокер Самал Алишева Life09 ақпарат агенттігіне берген сұхбатында жаңа өзгерістерге қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, зейнетақы жинағындағы артық қаражатты баспана алуға пайдалану халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер еткен.
«Енді осы қаржыны ипотеканы өтеуге бағыттау – өте тиімді шешім. Себебі бұл арқылы азаматтар несиесін мерзімінен бұрын жауып немесе ай сайынғы төлемін азайта алады», – деді маман.
Ипотека саласының маманы кейбір техникалық қиындықтардың бар екенін де атап өтті.
«Мысалы, жақында клиентімнің зейнетақы қорындағы 1,5 миллион теңгесін “Отбасы банкіне” шығарып, үй алу мақсатында пайдаландық. Бірақ кейін басқа банктің ипотекасын рәсімдеу қажет болып, қиындықтар туындады. Егер осы рәсімдер жеңілдетілсе, халыққа әлдеқайда ыңғайлы болар еді», – дейді Самал Қанатқызы.
Брокердің айтуынша, соңғы бір жылда тұрғын үй бағасы айтарлықтай өскен. Өткен жылы қараша айында бір бөлмелі пәтердің бағасы 13–15 миллион теңге болса, биыл ол 20 миллион теңгеден асып кеткен. Бағаның шарықтауы сатылымды баяулатып, нарықтағы белсенділікті төмендеткен. Сарапшы келер жылы үй бағасы одан әрі қымбаттайды деп отыр.
«Қазірдің өзінде құрылыс компаниялары бағаны шамадан тыс көтеріп жіберді. Соның салдарынан екінші нарықтағы үйлер де қымбаттады. Ал халықтың жалақысы сол күйі өзгеріссіз қалып отыр. Бұл баспана алуды қарапайым азаматтар үшін барған сайын қолжетімсіз етіп барады», – деді ол Life09 ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.
Жаңа жоба қабылданған жағдайда азаматтарға зейнетақы жинағын тиімді пайдалану арқылы ипотекалық несиені азайту немесе мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі туады. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам тұрғын үй нарығындағы тепе-теңдікті сақтауға және баспана қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болмақ.
Жанайдар Майкен