Қарағандылық спортшылар Астанада өткен «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарында конькимен жүгіру спортынан қола жүлдегер атанды. Биыл жарыстың қысқы кезеңіне Қазақстанның 16 өңірінен 10–16 жас аралығындағы 225 бала қатысты. Олар шаңғы жарысы, парахоккей және конькимен жүгіру спортынан бақ сынады.
Ойындарда Шығыс Қазақстан облысының командасы көш бастады — спортшылар шаңғы жарысы мен конькимен жүгіру спортынан алтын медаль жеңіп алды. Екі дисциплина бойынша күміс жүлде Ақмола облысының қатысушыларына бұйырды.
Қарағанды командасы конькимен жүгіру спортында үшінші орынға ие болса, шаңғы жарысында қола медаль Астана қаласының спортшыларына табысталды.
Командалық жүлдеден бөлек, қарағандылықтар жеке есепте де табысты өнер көрсетті. Олардың қоржынында — 13 медаль: төрт алтын, алты күміс және үш қола. Күміс жүлденің үшеуі конькимен жүгіру спортынан, қалғандары шаңғы жарысынан иеленілді.
Жарыста Қарағанды облысының намысын №3, №4, №6 және №7 арнайы мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері қорғады.
— Конькимен жүгіру де, шаңғы тебу де біздің интернаттағы дене шынықтыру сабақтарының бағдарламасына кіреді. Бірақ бір сабақ, әрине, жеткіліксіз, сондықтан балалармен қосымша жұмыс істейміз. Үйірмелер, демалыс күндері секциялар ұсынамыз, ата-аналармен байланыста боламыз. Егер баланың әлеуеті жоғары екенін көрсем, онымен көбірек жұмыс істеуге тырысамын — кеңес беріп, жаттықтырамын. «Жұлдызай» ойындарына біз жыл сайын қатысамыз. Бұған дейін көбіне жазғы спорт түрлерінде бақ сынап, жүлдегерлеріміз де болған. Ал қысқы дисциплиналардағы бұл алғашқы нәтижелеріміз, әрі олар өте жақсы, — деді №4 арнайы мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ольга Гринцова.
«Жұлдызай» инклюзивті ойындары он жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Дәстүр бойынша жарыс жылына екі рет — жазда және қыста ұйымдастырылады. Бұл қатысушыларға спорттың әртүрлі түрлерінде өз мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға өз күшіне сенуге көмектесу және спорттың тең мүмкіндіктер идеясын біріктіре алатынын көрсету.
Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі