Қарағанды жастары жаңа Конституцияны қолдайды

Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде Халықаралық волонтерлер жылына арналған волонтерлер форумының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Ауқымды шараға Қарағанды облысынан 6 мыңға жуық адам қатысты. Олардың қатарында волонтерлік ұйымдардың өкілдері, белсенді жастар, қоғам қайраткерлері және әлеуметтік жобалардың бастамашылары болды.

форум

Форум еріктілер қозғалысының қоғам дамуындағы рөлін талқылауға, пікір алмасуға және жаңа идеялар ұсынуға мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды.

Форум барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтау сөз сөйлеп, еріктілердің еңбегін ерекше атап өтті.

«Бүгінде ересек буын: "Жастар телефоннан бас алмайды, қоғам өміріне атсалыспайды", – дейді. Бірақ мен бұл оймен келіспеймін. Су тасқыны болса – бірінші болып келетін сендер, жалғызбасты қарияларға көмектесу керек болса – тағы сендер барасыңдар, жоғалған адамды іздеу керек болса – күні-түні арпалысып, табатын – сендер. Азаматтық жасай алмаған адам бұл өмірге келмеген адаммен бірдей. Өзін ойлап, ешкімге жақсылық жасамай, артында із қалдырмай өмір сүрсе, ондай өмірдің мәні жоқ. Бүгінгі күннің батырлары – сендерсіңдер! Өзінен бұрын өзгені ойлап, мұқтаж жандарға көмектескеннің өзі – ерлік!», деді облыс әкімі өз сөзінде. 

форум

Аймақ басшысы белсенді волонтерлік ұйымдарды марапаттап, олардың қоғамға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Кобжанов волонтерлерге сәттілік тіледі.

Қазіргі таңда өңірде 4 мыңға жуық ерікті тіркелген. Олар мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, апат кезінде қол ұшын берумен қатар, қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге белсенді атсалысып келеді.

Іс-шараға қатысқан Қарағанды облысының жастары Ата Заңда көрініс тапқан негізгі қағидаттарды қолдайтынын білдірді. Атап айтқанда, адами капиталды дамыту, отбасы мен әлеуметтік бастамаларды қолдау, жеке меншік құқығын қорғау және жастардың әлеуетін ашуға бағытталған идеялар жастар тарапынан кең қолдау тапты.

форум

Сонымен қатар, спикерлер жаңа Конституцияда қоғам өмірінің маңызды бөлігі ретінде волонтерлік қызмет пен қайырымдылықты дамытуға ерекше мән берді. Қатысушылардың айтуынша, бүгінгі таңда волонтерлік – тек қайырымдылық акцияларына қатысу ғана емес. Бұл – ел тағдырына жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың жаңа буыны қалыптасатын азаматтық кемелдік мектебі.

Сондықтан қарағандылық жастар алдағы референдумды мемлекеттің дамуы жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырады. Шара қатысушылары өз ұстанымын білдіріп, елдің Ата Заңын қабылдау үдерісіне үлес қосудың Қазақстанның болашағына ықпал ететін зор мүмкіндік екенін атап өтті.

Салтанатты рәсім эстрада жұлдыздары Айқын мен BAYANSULU қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.

форум

Шара соңында өңірдің белсенді жастары азаматтық жауапкершілік танытып, жалпыхалықтық референдумға қатысатынын нық сеніммен айтты. Қарағандылықтардың айтуынша, ел болашағы бүгін қалыптасады, сол себепті әрбір дауыс маңызды.