Қарағанды облысында балық және су шаруашылығы саласының үздік мамандары марапатталды

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында балық және су шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандар ведомстволық наградалармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков сала қызметкерлеріне адал еңбектері үшін алғыс айтып, су ресурстарын сақтау, балық шаруашылығын дамыту және өңірдің экологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету көп жағдайда олардың кәсібилігі мен өз ісіне деген жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

«Су шаруашылығының ардагері» медалімен Бағит Қантарбекова марапатталды.

«Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісі «Агропромремстрой» ЖШС-нің қорықшысы Серік Бимағамбетовке табысталды.

«Балық шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы жеке кәсіпкер Василий Волковқа және «Спорт өмірі» ЖШС-нің директоры Валерий Громовқа берілді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хатымен «Нұра–Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ басшысының орынбасары Бекзат Махажанов марапатталды.

Сондай-ақ жоғары кәсіби нәтижелерге қол жеткізіп, саланың дамуына үлес қосқан бірқатар мамандар мен кәсіпорын өкілдеріне Қарағанды облысы әкімінің және Балық шаруашылығы комитеті төрағасының Алғыс хаттары табысталды.

Қазақстанда Су шаруашылығы қызметкерлері күні жыл сайын 9 шілдеде, ал Балық шаруашылығы қызметкерлері күні шілде айының екінші жексенбісінде атап өтіледі.